Сөйтіп теңге құнсызданып, долларға шаққандағы баға 500 теңгеден асқанда да, асып кетті. Негізі қыркүйекте қаржыгерлер жыл соңында 1 доллар 485 теңге болады деп болжаған. Д.Трамп сайланғасын доллар позициясы әлемдік деңгейде нығайды. Ал мұнай бағасы төмендеді.
Сонымен бірге Ресейге салынатын санкциялардың кезекті пакетіне Газпромбанк кірді. Бұл банк арқылы Ресей газын алатын шетелдік тұтынушылар есеп айырысатын. Ал осы банк санкцияға іліккесін рубль әлсіреп қалды. Теңгені сүйрей жөнелді.
Сонымен бірге Ресейден келетін тауарлар еліміздің жалпы импортының 29 процентін құрайды. Үштен бірін деген сөз. Бұл кәдімгідей көп, нарық әрине, реакция береді. Дегенмен Қазақстан сыртқы саудада рубльді анау айтқандай қолданбайды. Әйтеуір ұлттық валюта бағамына әсер ететіндей емес деп отыр кейбір қаржыгер.
Сөйтіп бір доллардың құны 505 теңге болуы реал деп жалғастырады. Ондай оптимист аналитиктер қарашаның соңында басталған алашапқынды бизнестің де, азаматтардың да теңгеге онша сенбейтінімен түсіндіреді. Ұлттық банкті кінәлайды. Валюталық интервенцияны жыл бойы біркелкі жасамайтынын, соның кесірінен теңгенің тұрақсыздығы арта түсетінін айтады.
Мысалы, қазір көмегі шамалы. Сондықтан қазір үйіп-төкпей, жылдың алғашқы жартысында жасау керек еді деп есептейді. Әңгімесінің түйіні - қор және валюта нарығы дамымайынша теңге тәлтіректей береді. Енді осының бәрі тауарлардың қымбаттауына, оның ішінде азық-түліктің бағасына әсер ететінін сөзсіз.
Министрлер мысалға қымбат техниканы келтіргенімен, жұртты мазалайтыны iPhone да, dyson да емес, күнделікті тұтынатын тауарлар мен ас-ауқат. Шикізатқа тәуелділіктен арылу, экономиканы әртараптандыру туралы айту... Жамал апайды еске түсіреді. Раушан Сайлауқызының сараптамасы.