Мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құру қажет. Бұл 2 миллиард адамның тіршілік нәрінен тарықпауы үшін керек. Президент Сауд Арабиясында өткен One Water саммитіне қатысып, әлем елдерін су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірлесе әрекет етуге шақырды.
Сауд Арабиясы. Құм-шөлейттің ортасында тұрған бұл ел үшін судың құны алтынмен тең. Сондықтан да болар Қазақстан мен Францияның халықаралық саммит өткізу туралы бастамасын араб елі қолдап, әлем басшыларының басын қосты.
Су – тіршілік бастауы. Жер шарының жетпіс пайызын мұхит пен теңіз басып жатқанымен, жыл санап тұщы судың тапшылығы артып келеді. Президенттің сөзінше қазір жер шарында 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға жарымай отыр. Адамзаттың келешегі үшін әлем елдері сын-қатерлерге қарсы ортақ үн қатуы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінеді. Су таусылмайтын ресурс емес. Мұны өз басымыздан өткерген жағдайдан білеміз. Судың да сұрауы бар. Оны үнемдеп пайдалану керек. Сонда ғана адамзат өркендеу жолына түседі.
21 ғасырда өндіріс өркендеп, өмір сапасы жақсарғанымен су қорлары жиі ластанып жатыр. Әсіресе мұнай мен химия өндірісі және тыңайтқыштардың зияны көп. Мәселенің шешімі замануи технологиялар. Президенттің пікірінше су қоймаларының әлеуетін арттырып, суарудың инновациялық жүйесін енгізу қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Барша адамзат, әсіресе шалғайда тіршілік етіп жатқан тұрғындар мен халықтардың осал тобы санитарлық талаптарға сай келетін таза ауызсуға қол жеткізуі тиіс. Бұл – олардың құқы. Климат пен су инфрақұрылымына арналған мақсатты инвестициялар су көзімен қамтамасыз етіп, орнықты өсімге септігін тигізеді.
Жыл сайын су тасқыны мен қуаңшылықтан 1,5 миллиардтан астам адам зардап шегеді. Осы көктемде біздің ел де алапат тасқынмен бетпе-бет келді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев қауіп-қатерді азайту үшін ерте сақтандыру жүйесін жетілдіру керек деп санайды. Сонымен қатар мұздықтарды зерттеуге және қорғауға арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұздықтар су алмасу циклінде айрықша рөл атқарады. Олар дүние жүзіндегі 2 миллиардқа жуық адамды сумен қамтамасыз ететін өзен-көлдерді қоректендіреді. Сондықтан мұздықтардың еруіне жол бермей, тіршілік нәріне мұқтаж өңірлердегі су ресурстарын басқару стратегиясын қолдау үшін бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай су саясатын әзірлеген жөн.
Суда шекара болмайды. Ол қоғамдастықтар мен экожүйелерді байланыстырады. Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде аймақтық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдың ілгерілеуіне қолдау көрсетеді деді Мемлекет басшысы. 2026 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік климат конференциясын өткізеді.
Шерхан Жамбылұлы