Бүгін – қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының туған күні. Қаймана халықтың бар қажетіне жарап, жыртығын жамап, қалың ұйқыдағы жұртты оятуға тырысқан тұлға тек саяси сахнада белсенді болған жоқ. Әдебиетке де, мәдениетке де, тіпті, математика саласына да өлшеусіз үлес қосты. Ұлт рухын оятуға септігі тиер істің барлығымен айналысты. Тау тұлғаның әлі де зерттелмеген тұстары көп дейді алаштанушылар.
«Жарты жаңқам қалғанша мен сендікпін,
Пайдалан қажетіңе жараса Алаш» деп жырлаған Міржақып Дулатұлы – жан жақты тұлға. Оны бір сөзбен сипаттау мүмкін емес. Біз оны ақын, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері ретінде танимыз. Енді тарихты түгендеудегі ерен еңбегіне зер салуымыз керек дейді ғалымдар.
Ермұхамет Маралбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі:
1911 жылдан бастап «Түрік баласы» атымен «Қазақ» газетінде, қазақ тарихы туралы жазған еңбектері бар. Бұл Міржақып Дулатұлы тарихшы ретінде қазақтың ауызша тарихын тұңғыш рет қолға алған ғалым деп айтуға болады.
Алаш зиялысы көздеген, көксеген басты мақсаттардың бірі - қазақ баласының қазақша білім алуына жағдай жасау болды. Осы миссия жолында математика ғылымына да бойлап, бірқатар терминді орыс тілінен тікелей аударды. Қосу мен алуды, көбейту мен бөлуді, пұт, ен, ұзындық сынды сөздерді қолданысқа енгізген де осы – Міржақып. Одан бөлек, жоғары оқу орындарының қалыптасуына да септігін тигізді.
Сұлтанхан Аққұлұлы, алаштанушы:
Осы бүгінгі қазақ мектебінің, қазақ жоғарғы оқу орнының, бастауыш мектептерінің, жоғарғы оқу орындарының бүкіл оқулықтарын жазуға атсалысты емес пе?! Олардың оқу бағдарламасын, жалпы бүгінгі біз мақтан ететін, біздің бүгінгі мәдениетімідің, әдебиетіміздің, тіліміздің, ғылымымыздың, жоғарғы және бастауыш оқуымыздың негізін қалап кеткен сол Міржақып және сонымен бірге алаш қайраткерлері де болды.
Дулатұлы жазған «Есеп құралы» – білім беру саласындағы алғашқы кітаптардың бірі. «Бақытсыз Жамал» – төл әдебиетіміздегі тұңғыш роман. Жалпы, қазақ үшін жасалған игі істердің басында тұрған асыл азаматтың есіл еңбегі, мол мұрасы – ұрпақ жадында.
Келер жылы ұлы қайраткердің 140 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілмек.
Ернұр Медет