АҚШ-та қазақ ресторандары көбейіп келеді. Чикаго қаласының өзінде үш дәмхана ашылған. Соның бірі «Анор» рестораны америкалықтарға ұлттық тағамдар арқылы Қазақстанды таныстырып келеді.
Анор Жәнібек Дүзелбайдың жиі келетін дәмханасы. Елді, ұлттық тағамдарды сағынғанда отбасымен осы жерге асығады. Үш жылдан бері Чикаго шаһарында тұратын Жәнібектің айтуынша, америкалықтар көбіне Қазақстан туралы біле бермейді. Сондықтан оларға елді ұлттық асхана арқылы таныстыруды әдетке айналдырыпты.
Жәнібек Дүзелбай:
Елді таныстырудың ең жақсы жолы тамақ. Тамақты ұсына отыра мәдениетті айтқан кезде оларға жағымды естіледі. Әрі өтеді. Біздің тамақтар оларға жаңа болып көрінеді. Әркез қонақтарымызды осында әкелеміз.
Чикагода Орта Азиядан көшіп келгендер өте көп. Сондықтан осында оқып жүрген 25 жасар Ақылбек өзбекстандық серіктесімен бірлесіп азиялықтар үшін арнайы ресторан ашады. Дәмхана мәзірінен қазақ, өзбек, ұйғыр тағамдарының жиырмадан аса түрін көруге болады. Бірақ, чайна таун маңында орналасқандықтан дәмхана азиялық дәмді ұнататын қытайлардың да сүйікті орынына айналған.
Ақылбек Тағабергенов, дәмхана иесі:
Бізде 50-60 пайызы қытайлар, қалған 35-40 пайызы өзіміздің адамдар. 10-15 пайызы америкалықтар. Америкалықтар көбіне біздің тағамдарды білмеген соң енді енді үйреніп жатыр. 2-3 жылдың ішінде жергілікті халық көбірек келеді деген үміттеміз.
Дәмхана қазір он екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Тең жартысы қазақ жастары. Ақылбек мұнымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта тағы кемі үш қалада қазақ дәмханасын ашуды жоспарлап отыр.
Жалғас Сәдібекұлы