Қазақ әдебиетін әлемге танытқан қарымды қаламгер, аудармашы Герольд Бельгердің 2 томдық «Таңдамалылар» кітабы жарық көрді. Бұл еңбек жазушының 90 жылдығына арналып отыр.
Жазушының жаңа туындысы «Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрді.
Жазушы Герольд Бельгердің отбасы соғыс жылдарында Ресейдің Саратов аймағынан Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келеді. Бала кезінде қазақ мектебіне барып, тілді еркін меңгерген. Есейе келе Алматыға оқуға түсіп, алғашқы еңбек жолын Жамбыл облысының Байқадам ауылында мектеп мұғалімінен бастады. Кейінірек «Жұлдыз» журналында әдеби қызметке тұрып, 1964 жылдан бастап шығармашылық жолға түсті. Осыдан бастап қазақ әдебиетінің өркендеуіне ерекше үлес қосты.
Қуаныш Жиенбай, жазушы:
Енді ұлы адамдар санатына Герағаңды қосуға болады. Нұрпейісовпен кейде келісіп, кейде келіспей қалған сәтіне мен куәгер болдым. Бұл кісінің жазуға деген шеберлігі, әр сөзіне деген жауапкершілікпен қарайтыны, қолымен жазған дүниесі тасқа басылғандай орфографиялық ережелермен түп-түзу жазатын. Оның үстіне ол кісі қайтып сызбайтын, қайтып жөндемейтін. Сол күйінде баспаға кете беретін.
Публицист Бейімбет Майлин, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжанов сынды қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын орыс тіліне аударған. Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаевтың айтуынша, Герольд Бельгер қазақ халқының ертеңіне алаңдаған тұлға болды.
Өмірзақ Озғанбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Қазақ халқының көптеген ұнамайтын жақтарын ашық, анық айтатын. Көптеген ойлары бар. Мына мемлекет басында жүрген азаматтар, министрлер, депутаттар неге қазақша сөйлемейді, олар Ұлы Абайдың тілінде осы трибунадан бір рет пікір айтып, солардың сөзіне сілтеме жасап жатқанын көргенім жоқ дейді. Қазақтың бір қазақтан артық қызмет жасаған ұлы болды.
Қаламгер 50-ден астап кітаптың, бірнеше баспасөз басылымының авторы. Оның ең бірінші туындысы – «Ауыл шетіндегі ағаш үй» шығармасы. Бүгін оқырманға жол тартқан 2 томдық кітапқа жазушының барлық еңбектері топтастырылған.
Бейбіт Мамраев, Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор:
Бүгін Қазақстанның тарихындағы, мәдениетіндегі өте үлкен оқиға деп есептеймін. Бірінші томында өзінің туындылары, ал екінші томында сол кісі туралы пікірлер және публицистика.
Жалпы, Герольд Бельгердің «Ауыл шетіндегі ағаш үй», «Даладағы шағалалар», «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Гете мен Абай» атты зерттеу еңбектері оқырманның ерекше ықыласына бөленді. Ол саналы ғұмырында қазақ еліне адал қызмет етіп, қазақ тілінің қарыштап дамуына зор үлес қосқан.
Жазушы 2015 жылдың ақпанында 81 жасқа қараған тұста өмірден озды.
Динара Жарқынбек