Әскерге және құрылысқа қажетті Борат кені қайта игеріле ме? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскерге және құрылысқа қажетті Борат кені қайта игеріле ме?

07.11.2024

Атырау облысы Индер ауданының жерінде қазба-байлықтың түр-түрі кездеседі. Қазір бірнеше кәсіпорын жұмыстарын жүргізіп отырғанымен, игерілмей жатқан қазбалар жетерлік. Жер қойнауында тұмшаланып шықпай жатқан кеннің бірі – борат. Ол әйнекке, керамикаға беріктік қасиетті үстейді. Оны зымыран жасау ісінде де қолданады. Ал бұл қазбаның болашағы бар ма? Кен орындарын қайта жаңғырту мүмкін бе, деген сұрақтарға әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт жауап іздеп көрді.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Борат әлемнің тек үш жерінде ғана кездесетін қазына. Бірі сонау Сібірде, екіншісі Америка құрлығында, үшіншісі осы Атырау облысы Индер ауданында. Өткен ғасырдың 70-жылдары дүркіреп тұрған өндіріс орны 2000 жылы банкрот болып толық жабылған еді. Мінеки, сол кездегі карьерлер ашық аспан астында еш игерусіз жатыр.

Мұндағы борат кенін игеру сонау 1930 жылдары басталған. Кеңес одағы оны әскери, құрылыс және тағы да басқа мақсаттарға пайдаланып келген. Кен орнында қызмет етіп, ауыр жұмыстың мехнатын көрген кеншілердің бірі - Тасболат Маханов. Ол кәсіпорын ауқымды болғаны соншалық, мұнда жұмысшылардың жер-жерден ағылғанын айтады. Қазір осындай күйге түсіп, қараусыз жатқанына қапалы.

Тасболат Маханов, ардагер кенші:

Молдовандар болды, Украинадан келді, гректер де, армяндар да, болгарлар да болды. Кәдімгі бір үйдің адамы сияқты жұмыс істедік. Жанымыз ашиды ғой, бәрі өзіміздің қолымызбен өткізген нәрселер.

Индердің атын шығарған қазба 100 метр тереңнен шығарылған. Сол кезде 8 карьер, 1 шахта жұмыс істеген.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Біз қазір №100 карьерде тұрмыз. Тұрғындар мынау тұрған суға келіп шомылып, бұл жерде демалуды әдетке айналдырған. Ал бұның денсаулыққа зияны бар ма, пайдасы бар ма ол әлі белгісіз. Ең бір сорақысы демалушылар айналасын осылай шашып, қоқыстарын тастап кетеді.

Тау-кен өнеркәсібі бойынша Индерде 2 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бірақ олар қазылған карьерден шыққан қалдықтарды кері өңдеумен айналысады. Одан шыққан гипс өнімдерін өзге облыстарға тасымалдайды.

Полымбет Хасанов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

Ірі кәсіпорындарға, шетелден келген инвесторларға ұсыныстар беріп жатырмыз. Енді Ресей компаниясы бастап келді. Қазір жұмыс жүргізіп жатыр. Әрмен қарай да жалғасын табады деп есептеймін.

Ал министрліктегілер борат өндірісі бойынша бөлек жоспар бекітілгенін айтады. 2021 жылы отандық компаниямен келісімге қол қойылған.

Қанат Ерубаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитеті төрағасының орынбасары:

Иә, Индер бораттарының болашағы бар. Оны нық сеніммен айта аламын. Қазбаны игеру әлі бастала қоймады. Қазір келісімге отырған компания дайындықтарын пысықтап жатыр. Жуық арада жұмыстар басталады.

Егер жоба жүзеге асса елімізде химия өнеркәсібінің дамуына зор ықпал етеді. Жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Осылайша әлеуметтің әлеуеті көтеріліп, алақандай ғана өлке әлемге танылады.


Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу