Шығыстағы Глубокое ауданындағы кейбір ауылдарды Ертіс өзені шайып кетуі мүмкін. Сондықтан осы жазда өзеннің жағасын бекітіп, түбін тереңдету басталды. Алайда ауыл тұрғындарының айтуынша бұл жұмыс аяқсыз қалатын түрі бар. Себебін тілшіміз Олжас Керейхан білуге тырысты.
Өзеннің түбін тереңдету жұмысы басталғанда үйлері жағаға жақын тұрғындар қуанған. Аудан әкімдігі мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары келіп, мердігер мекемеге нұсқаулықтар беріп, құрылғылардың суға түсуіне куә болған. Алайда бір аптадан соң жұмыс тоқтап, өзен табанын тереңдететін жер снарядттары орнынан қозғалмаған. Арада 2 ай өтсе де әлі тұр.
Михаил Далиев, Прапорщиково ауылының тұрғыны:
Ешкім ештеңе айтпайды. Құралдар мен құрылғылар суға 2-3 ай бұрын қалай түсті, солай қозғалған жоқ. Әкімдіктегілер жұмыс істейміз дейді. Бірақ әлі істелген жоқ.
Ертістің жағасын су шайып жатқанына 6-7 жыл болды. Қазір өзен кейбір үйлерге 10 метрдей жақын қалған. Тұрғындар үңірейген жардан, әсіресе көктемде үрейленіп отырады.
Нина Ефиомова, Прапорщиково ауылының тұрғыны:
Менің үйіме жаға жыл санап жақындап келеді. Маған аудан орталығына көшесің, үй береміз деді. Мен осы ауылда мал ұстаймын. Қора қоймам бар. Осы ауылдағы шаруашылықтың құрамында жерім бар. Оның бәрін тастап, қайда кетем?
Жұмыстың тоқтап қалғанын аудан әкімдігі де біліп отыр. Өзеннің түбін тереңдететін қалқымалы кемеге қажет қосымша құрылғылар Қытай елінен келуі тиіс екен. Бірақ кедендегі кедергінің кеселінен кеш жеткізілген.
Ерлан Жұмағұлов, Ертіс ауылдық округінің әкімі:
Республика көлемімен меморандум жасалған. Жерснаряд Қытайдан әкеліп қойылды. Ертістің түбін тереңдетіп, арнасын өзгертеміз. Судың арнасын өзгерткен кезде мына қауіп кете ме деп өзім ойлаймын.
Қауіпті сейілту үшін мердігер компания өкілдері қыста да жұмыс істейтіндеріне сендіріп отыр. Өйткені Ертіс қатпайды.
Ғалымжан Уатаев, Мердігер компания директоры:
Қажетті құралдарымыз енді келді. 2025 жылы мамыр айында жұмысты аяқтаймыз. Алдағы желтоқсан айына дейін тас төгіп жағаны бекітуді бастаймыз.
Тек Ертіс өзені ғана емес, келер жылы Алтай, Қатонқарағай және Зайсан аудандарындағы өзендерді тереңдетуге 800 миллионнан астам теңге бөлінбек. Бүгінге дейін облыстағы 13 ауданда қауіпті аймақтар анықталды. Ол негізінен Бұқтырма, Ертіс және Үлбі сияқты бастауын таудан алатын өзендер. Жағағасы шайылып, сағасына су жайылып жатқан өзендерге жақын қоныстанған елдімекеннің тұрғындары елеңдеп отыр.
Олжас Керейхан