Басты Жаңалықтар С5+1 елдері мен АҚШ үкіметтері ынтымақтастық орнатуға келісті

С5+1 елдері мен АҚШ үкіметтері ынтымақтастық орнатуға келісті

С5+1 елдері мен АҚШ үкіметтері ынтымақтастық орнатуға келісті

С5+1 дипломатиялық платформасының құрылғанына 10 жыл толуына орай Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның, Өзбекстан Республикасының және Америка Құрама Штаттарының үкіметтері (жиынтығында «С5+1 елдері» деп аталады), C5+1 елдерінің әрқайсысының бірегей мәдени мұрасын және олардың адамзаттың дамуына қосқан ерекше үлесін мойындай отырып;
С5+1 елдерінің бірегей мәдени мұраларын қорғау және сақтау саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын растай отырып;
Мәдени мұра, оның ішінде мәдени алмасу, мәдени мұраны сақтау саласындағы тәжірибе алмасу және Ұлттық мұражайлар кеңесі арқылы ынтымақтастық саласында С5+1 елдері арасындағы байланыстардың тереңдеуін атап отырып, келесі өзара түсіністікке қол жеткізді:
C5+1 елдері С5+1 елдерінің мәдени мұрасын сақтау, мәдени құндылықтарының заңсыз сауда жолын болдырмау және С5+1 елдері арасындағы мәдени өзара іс-қимылды нығайту мақсатында келесі шаралар арқылы ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге ниетті:

- Мәдени мұраны сақтау және мәдени құндылықтарды қорғау мақсатында құқық қорғау, кеден және шекара қауіпсіздігі салаларында ақпарат алмасуды нығайту;
- Мәдени құндылықтардың заңсыз айналымының алдын алу және өнер нарығының біртұтастығын қамтамасыз ету үшін өзара толықтыратын өңірлік желілерді құру;
- Мәдени мұраны жалпы экономикалық мақсаттарға кіріктіру мүмкіндігін зерделеу, оның ішінде туризм секторы мен креативті индустрияға пайда әкелетін ағылшын тілінде білім беруді дамыту;
- Консервация, кураторлық қызмет, тіркеу, цифрландыру, шығу тегін зерттеу, көрмелерді ұйымдастыру, мәдени мұра нысандарын басқару, жойылып кету қаупі бар антиквариаттарды қорғау салаларында озық тәжірибе алмасу мақсатында институционалдық серіктестікті кеңейту және сарапшылар арасындағы алмасуларды жүзеге асыру, сондай-ақ этнология, археология, сәулет және реставрация сияқты өзара қызығушылық тудыратын басқа да салаларда ынтымақтастық орнату;
- Ұлттық мұражайлар кеңесінің қызметіне барлық алты елдің толыққанды қолдау көрсетіп, белсенді қатысуын қамтамасыз ету;
- Мұражай ісі саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету және алмасуды ұйымдастыру, оның ішінде С5+1 елдерінің жетекші мұражайлары мен мәдени мекемелерінде көрмелер мен экспозициялар өткізу үшін мәдени құндылықтарды ұсыну;
- C5+1 елдерінің мәдени мұрасын ілгерілету, қорғау және сақтау мәселелеріне қатысты халықаралық алаңдарда ұстанымдарды мәлімдеу;
- Ұлттық қолөнер дәстүрлері мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдауды, сондай-ақ дәстүрлі мәдениетті, музыка мен биді сақтауды қамтамасыз ету;
- Мәдени құндылықтарды қорғау және мәдени мұраны сақтау мақсатында білім беру, ғылым және инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу, оның ішінде академиялық және зерттеу байланыстарын нығайту, сондай-ақ С5+1 елдерінің жоғарғы оқу орындары мен зерттеу орталықтары арасындағы бірлескен бастамаларды қолдау;
- Әр елдің бай мәдени мұрасын дәріптейтін фестивальдер мен мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша ынтымақтастықты қолдау.

Бөлісу