Франкфурттегі кітап жәрмеңкесі аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Франкфурттегі кітап жәрмеңкесі аяқталды

22.10.2024

Қазақстандық әдеби агенттер мен баспалар Франкфуртте өткен 76-халықаралық кітап жәрмеңкесінде шетелдік әріптестерімен ынтымақтастық туралы келісім бекітті. Еліміздің мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен отандық баспагерлер үшін биыл «Қазақстан» деген атпен арнайы стенд ұйымдастырылды. Әлемнің 95 мемлекеті қатысқан мәртебелі шарада көпшілік қазақ елімен, қазақстандық авторлардың туындыларымен тереңірек танысты.

Франкфурт кітап жәрмеңкесі әлемдегі ең ауқымды көрменің бірі. Оқырман үшін тың туындылармен танысып, әлемдік жауһарлардың авторларымен бетпе-бет кездесуге мүмкіндік. Ал, баспагер мен әдеби агенттіктерге өз өнімдерін саудалап, жаңа аудитория, сенімді серіктес табудың таптырмас алаңы. Биыл жаһанның 95 мемлекетінен 4 мыңнан астам баспа үйі қатысты. Қазақстандық баспалар мен авторлар да сиясы кеппеген туындыларын көпшілікке паш етті.

Гаухар Саймасаева, «Алматы кітап» баспасының президенті:

Біз жаңа шыққан туындыларымызды әкеп отырмыз. Оның ішінде мына Ахмет туралы кітап. Ахмет алаштың ардақтысы деген. Бұл кітап бестселлер дейміз. Қазақтан туралы бірінші сыныпқа баратын балаларға арналған кітап. Биыл осы кітап СНГ байқауында гран при алды. Ең басты мағынасы бала бірінші сыныпқа барғанда Қазақстанды танып барады.

Әділ Қойтанов, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры:

Біздің кітаптарымызды шет тілге аудару мәселесі үлкен мәселе. Сондықтан қазір осы жерде біздің баспаларымыз аудармашылармен кездесіп, шет тілдеріне аудару жөнінде көптеген келіссөздер жүргізіп жатыр.

 «Қазақстан» стендіне қазақ тарихы,салт дәстүр, әдет ғұрпынан сыр шертетін кітаптар, Абай, Шоқан, Ыбырай сынды ұлы тұлғалар жайлы құнды еңбектер, балалар әдебиеті, барлығы 200 ден астам еңбек қойылған. 100 кітаптың авторы, академик Оразалы Сәбден әлем оқырмандарына соңғы шыққан 8 туындысын ұсынды.

Оразалы Сәбден, экономика ғылымдарының докторы, академик:

Мына кітап «Абай Қазақстанның болашағы» деп аталады. Бұл да Кембридже шығып, Кембридж университетінде презентация болды. Баспаның дерегі бойынша бұл кітапты әлемнің 200 топ университетіне жіберген. Оксфорд, Гарвард сияқты университтерге жіберіп, сонда Абайды әлемнің 200 топ университеттерінде оқуда. Менің арманым орындалды деуге болады. Себебі, бұл Абайды әлемге мүмкіндігінше тарату.

 Әбсаттар Оспанның «Наркескен» трилогиясы, Қуандық Түменбайдың «Жаңа Қазақстан»еңбегі де шетелдік оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды.

 Бақтыгүл Маханбетова, әдеби агент, аудармашы:

Үндістанның екі ірі баспасымен, Оңтүстік Кореяның үш ірі бапасымен, Қытайдың ірі баспаларымен, Біріккен араб әмірліктерінің баспаларымен және де елімізге өте жоғары қызығушылықтары бар бірнеше мемлекеттердің әдеби агенттерімен, баспагерлерімен келіссөздер жүргіздік. Бұйырса біздің мемлекеттеің авторлары мен еліміздегі талантты авторларымыздың шығармалары басқа мемелкеттердің тілінде жарық көреді деген сенімдеміз.

Қазақ әдебиеті, қазақ қаламгерлері әлем жұртына әлі таныс емес. Ол үшін тың туындыларды өзге тілдерге аударып, шетелге тарату ісін күшейту қажет дейді әдеби агенттер. Биылғы жәрмеңкеден біраз ой түйіп, тәжірибе жинақтаған қазақстандық делегация алдағы кітап көрмелеріне тың серпінмен қатысудан үмітті.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу