АҚШ-та Милтон дауылынан кемі он үш адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та Милтон дауылынан кемі он үш адам қаза тапты

11.10.2024

АҚШ-тың Флорида шығанағында соққан Милтон дауылынан кемі он үш адам қаза тапты. Ал жарақат алғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін дейді жергілікті билік өкілдері.

Дегенмен табиғи құбылыс бұған дейін болжанғандай сұрапыл болмады. Себебі жағалауға жеткен тұста желдің екпіні едәуір бәсеңдеген. Десе де Тампа қаласы маңында желдің екпіні сағатына 160 шақырымға жеткен. Салдарынан бірнеше ауданды су басып, өңір инфрақұрылымына орасан зор зиянын тигізді. Үш миллиондай тұтынушы жарықсыз отыр. Дауыл кезінде мектептерді паналаған тұрғындар қазір үйлеріне қайта бастады. Бұл өңірде қазақтар да көп тұратынын кеше айтқанбыз. Оңтүстік Флорида университетінде докторантурада оқып жатқан Бурхан Әділхановтың хабарлауынша, Тампа маңында өмір сүретін отандастарымыз дін аман.

Бурхан Әділханов, Қазақстан азаматы:

Өте үлкен дауыл болады деп есептелген Милтон Тампа қаласынан өтуі керек еді. Бірақ траекториясын өзгертіп, Тампаның оңтүстігіндегі Сарасота қаласына келіп тиді және оның жылдамдығы жағада азайды. Енді қазақтардың барлығы амам. Құдайға шүкір. Енді дауыл өтті. Қазір Атлант мұхитында. Құрлықта ешқандай дауыл жоқ.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу