Қазақстанда паллиативті көмек қалай көрсетіледі? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда паллиативті көмек қалай көрсетіледі?

01.09.2024

Денсаулық сақтау министрлігі саланы реттейтін заңдарды бірнеше мәселе бойынша толықтыруды көздеп отыр. Арасында паллиативті көмек бар. Паллиативті көмек – жазылмайтын ауруға шалдыққан адамдарға барынша жәрдемдесу. Психологиялық жағынан демеп, әлеуметтік қызметтер көрсету. Біздегі нормалар ДДСҰ сияқты халықаралық ұйымдардың ұсыныстарына қайшы. Ауру анықталғаннан кейін бірден көмек көрсетілмейді. Негізгі ем-дом тоқтатылғаннан кейін ғана жәрдем беріледі. Ал балаларға көмек мүлдем көрсетілмейді. Елімізде 9 мыңға жуық бала паллиативті көмекке мұқтаж. Паллиативті көмекке мұқтаж жандар ғана емес, ондай жандардың жақындары да қатты қиналып жүр. Ондай азап өмір сүріп жүргендер іштен тынады. Қайырымды мемлекетте ондай адамдар лайықты көмек алады, қайырымды қоғамда оларды көріп, ешкім дарақыланып, есірмейді. 

4 жасар Раминаның туабітті айықпас ауруы бар. Былтырғы қарашада паллиативті көмек көрсететін осы орталық ашылғанша ауруханаларды паналап келген. Ата-анасы ара-тұра қызға керек-жарағын әкеп, сыйлық жасап тұрады.

Темірланға да туа сала церебральды сал диагнозы қойылған. Қазір 15-те. Осы орталықтағы мамандардың арқасында, міне, саптыаяқтан өздігінше айран ішіп отыр. Бөлмесін де үйдегідей әсемдеп қойған.

Ал төсек тартып жатқан 60 жастағы мына науқас үш жылдан бері қатерлі ісікпен күресіп келеді. Дерті әбден меңдеп, соңғы 4-ші сатысына өтіп кеткенде бір-ақ білген. Соңғы емінен соң кәсіби күтім алу үшін осы жерге ауыстырылыпты.

Аты-жөнін жасырып қалған сексендегі мына әжейдің де сырқаты кеш анықталған. Онкологиялық диспансерден осында келгеніне 15 күн болыпты. Әлі 6 күн жатамын дейді.

Науқастардың арнайы күтім деп отырғаны – паллиативті көмек. Бұл – жалпы дүниежүзілік денсаулық сақтау жүйесі үшін, салыстырмалы түрде, жаңа бағыт. Ал Қазақстанда бұл түсінік пайда болғалы – 15 жыл ғана.

Гүлнар Кунирова, ҚР ДСМ Паллиатив көмек бойынша штаттан тыс бас маманы, қауымдастық президенті:

Бұл – емдеуге жарамайтын ауыр науқасы бар адамдардың өмір сапасын жақсарту үшін көрсетілетін кешенді қызмет. Оның ішіне физикалық, медициналық, әлеуметтік, психологиялық және рухани көмек кіреді. Ереже бойынша науқастың өзіне ғана емес, оның отбасына да осындай қолдау көрсетілуі керек.

Бақтыбай Оразбеков, Көп салалы медицина орталығы директорының орынбасары:

Деменция, Альцгеймер, онкологиялық науқастар, инсульт, әртүрлі созылмалы ауруы бар науқастар жатады, емге келмейтін. +00,57 Мысалы, қаны азайып кетсе, қан құю керек. Ауырып жатса, «обезболивающий» жасау керек. Ең негізгісі – науқасқа қарау...

Паллиативті көмек көрсетудің үш түрлі формасы бар. Біріншісі – хоспис. Онда науқастар өмірінің соңына дейін тұрып көмек алады. Екіншісі – ауруханалардың жанындағы арнаулы бөлімшелер. Онда науқастар уақытша жөнелтіледі, ал кейбірі келіп-кетіп ем-дом алып жүреді. Үшінші түрі – мобильді бригадалар. Олар науқастың үйіне барып, күтім жасайды.ГРАФИКА-1: Қазір елде 11 хоспис, 19 паллиативті көмек бөлімшесі және 197 мобильді бригада жұмыс істейді. Бірақ қай-қайсындағы жағдай да көңіл көншітпейді. Астанадағы ең тәуірінің өзі қаражатты жеткізе алмай әлек.

Бақтыбай Оразбеков, Көп салалы медицина орталығы директорының орынбасары:

Бөлінетін қаржы, мысалы, күніне 12 мың ғана. Ал біздің есебіміз бойынша күніне 55 мың тг кетеді. 

Гүлнар Кунирова, ҚР ДСМ Паллиатив көмек бойынша штаттан тыс бас маманы, қауымдастық президенті:

Тарифтің ішіне негізгі шығындардан бөлек, маманды қосымша оқытудан өткізуге арналған шығын, тез тозатын төсек орын мен матрас сияқты заттарды және қондырғыларды сатып алуға қажет шығын есептеліп кіруі керек. Қысқасы, тарифті есептеу әдісі өзгеруі керек.

Депутат Нұргүл Тау былтыр Алматыдағы хосписті аралап көргенінде шын ахуалға қанық болған.

Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Балаларға деген паллиативті көмек мүлдем жоқ. Қыл аяғы балаға қажет «памперстің» өзін бере алмайды. Оны алуға мүмкіндік жоқ.

Науқастың үйіне барып күтім көрсететін топтарға бөлінетін қаражат тіптен аз. ГРАФИКА-2: Ел аумағында ондай көмекке мұқтаж 12 мың науқас бар. Ал мобильді топтар соның жартысына жуығын ғана /5937/ қамти алып отыр.

Татьяна Острецова, Паллиатив көмек бойынша сарапшы, медицина ғылымдарының кандидаты:

Мобильді бригаданың бір шыққаны үшін тариф құны 8 мың тг мөлшерінде. Бұл өте аз. Оның үстіне күніне 8 сағат қана жұмыс істейтін бригадалардың жүктемесі де ауыр. Күніне 22 науқасқа қызмет көрсетуді талап етіп отыр, ол мүмкін емес қой!

Денсаулық сақтау министрлігі саланы реттеуші заңға өзгерістер енгізуге бейіл. Құжаттың жобасы тамызда қоғамдық талқыға шығарылды. Сондағы паллиативті көмекке қатысты тармаққа мамандардың мынадай ұсыныстары бар:

Гүлнар Кунирова, ҚР ДСМ Паллиатив көмек бойынша штаттан тыс бас маманы, қауымдастық президенті:

Халық денсаулығы жөніндегі кодексте «паллиативтік көмек» және «паллиативтік-медициналық көмек» деген екі түсінік бар. Ол адамдарды жаңылыстырады. Осы екеуін біріктірген абзал. Сосын паллиатив көмек бүкіл ем-дом аяқталғаннан кейін соңғы сәтте көрсетілмеуі керек. Ол диагноз қойылған сәттен еммен қатар басталып кетуі тиіс.

Ал паллиативті көмектің өзі екі түрлі болуы керек дейді.

Гүлнар Кунирова, ҚР ДСМ Паллиатив көмек бойынша штаттан тыс бас маманы, қауымдастық президенті:

Жаңа кодекске «ілкі паллиатив көмек» және «арнаулы паллиатив көмек» деген екі ұғымды енгізгіміз келеді. Ілкі паллиатив көмек машықтарын кез келген дәрігер мен медбике білуі керек. Ал арнаулы паллиатив көмекті аты айтып тұрғандай арнайы мекемелерде істейтін мамандар меңгеріп, қызмет көрсете алуы керек.

Ол үшін дәл паллиативке маманданған дәрігерлер мен медбикелер керек екені түсінікті емес пе?..

Татьяна Острецова, Паллиатив көмек бойынша сарапшы, медицина ғылымдарының кандидаты:

Кодексте паллиатив көмек деген медициналық көмектің түрі 15 жыл бұрын пайда болса да, соған оқытатын мамандық ашылмаған. Оқу орындарында паллиатив көмек дәрігері деген мамандық болуы керек. Маман тапшылығы сонда ғана жойылады.

Бақтыбай Оразбеков, Көп салалы медицина орталығы директорының орынбасары:

Қазір, мысалы, медбикелер жетпей жатыр. Біз қазір күн сайын, күн сайын ауыстырып, кезекті солай жауып жатырмыз.

Қазақстанда паллиативті көмекке мұқтаж адамдардың есебі жүрмейді. Мамандардың халықаралық стандарт бойынша шығарған статистикасына сенсек, елімізде 85 мыңнан 135 мыңға дейін науқас күтім қажет етуі мүмкін. Оның шамамен, 9 мыңға жуығы – балалар. Көбіне науқас адам туыстарының қарауында оқшау қалып қояды.

Эльмира Отар, Әлеуметтанушы, Phd:

Бір отбасының проблемасы ретінде қалады. +05,20 Сосын отбасында жабулы түрде қалуы керек, ешкім білмеуі керек, жұрт не дейді деген психология әлі бар. Науқастың қасында отырған адам жабылып қалады. Оның қоғаммен байланысы шектеліп қалады.

Сондықтан науқас адамды бағып отырған туыстарына да психологиялық қолдау көрсетілуі керек дейді әлеуметтанушы. Ал мәжіліс депутаты тіпті материалдық көмек те көрсетілуі керек деп есептейді.

Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Мысалы, ауру баласы бар деп ойлайық. Ол балаға қанша деңгейге жеткізгенше дейін ана ма, әке ме, екеуінің біреуінің рөлі болады. Ол кісілердің еңбегін бағалап біз үйренуіміз керек. Әлеуметтік төлемнен бөлек пе? –Иә! Сервис жасағаны үшін. Ол тамағын пісіреді, жуындырады. Адамдар айтуы мүмкін, «ой, ол әке-шешесінің міндеті ғой» деп. Бірақ бұл жерде ауру бала. Ол балаға күтім кішкене басқа ғой.

Айналып келгенде мәселе адам хақына келіп тіреледі.

Татьяна Острецова, Паллиатив көмек бойынша сарапшы, медицина ғылымдарының кандидаты:

Науқастар көбіне ауырсынуды басу көмегін дер кезінде алмайды. Ал халықаралық өлшем бойынша науқастың аурудан қиналуы қатыгездікке немесе азаптауға теңестірілген. Демек паллиатив деген медициналық мәселе ғана емес, бұл адам құқығының сақталу мәселесіне де барып тіреледі.

Науқас адам алдымен он екі мүшесі сау адамның құқығы толық қорғалған елге айналғанымызды күтпейді. Ол дәл осы сәтте қиналмай, азаптанбай өмір сүргісі келеді... Олардың басқа тілегі де, талабы да жоқ қой...

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу