Шымкенттегі қазақ драма театрының шежіресі әлдеқайда терең болып шықты. Тарихшылар мен өнер адамдары мұрағат құжаттары негізінде бұл деректі айғақтап, өнер ордасының құрылғанына биыл 95 жыл толатынын дәлелдеді.
Кеңестік идеологияның пәрменімен бұған дейін Шымкентте қазақ театрының құрылуына облыстық партия комитетінің 1929 жылы шыққан қаулысы негіз болды делініп келген-ді. Алайда осы және сол кезеңге дейінгі құжаттардың өзінде өнер ордасын жасақтау емес, оның жұмысын әрі қарай жандандыру туралы болғаны енді ғана белгілі болып отыр,-дейді мамандар.
Сая Қасымбек, театрдың әдебиет бөлімі меңгерушісі:
1929 жылғы обком дейміз ғой ол кездегі қазақ театрларының жағдайын қарастырып, халық ағарту бөлімі 50 мың рубль және 20 мың рубль бөліп, қазақ театрының пәрменділігін арттыру үшін қаржы бөлген деген құжаттарымыз бар.
Шымкент театрының құрылуына сол жылдары педагогикалық техникумды басқарған Жүсіпбек Аймауытовтың еңбегі ерекше. Оқу ордасында 1920 жылдың ортасында арнайы драмалық үйірме жұмыс істеген. Жас өнерпаздар жазушының 6-7 туындысын сахналаған.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
«Советская степь» деген газет шыққан білсеңіздер. Ол жерді де қазбалап, осы жердегі театр өнерпаздарымен қатар Оштың, ҚазақАСР-ның басқа да аймағынан шақырылған майталман мамандардың өнер көрсеткені туралы хабарламаны көрдік.
Өнер ордасының тарихын көпшілікке таныстыру мақсатында театрда арнайы мұражай жасақталған. Онда мыңға тарта деректер мен жәдігерлер жинақталған.
Қымбат Махамбетқызы, театр мұражайының меңгерушісі:
Алғаш жұмыс істеп кеткен әріптестер жөнінде, олардың кейбіреуінің киімдері, спектакльдегі суреттер, сосын афишалар, хабарламалар бар.
Театрдың 95 жылдық мерейтойына орай биылғы жылдың қарашасында Шымкентте халықаралық фестиваль өткізу жоспарланып отыр. Оған Орта Азия мемлекеттерінен 10 өнер ұжымы келіп, сахналық қойылымдарын көрсетеді.
Ғани Қалмаханов