Басты Жаңалықтар Түркістан облысында 34 инвестициялық жоба іске қосылды

Түркістан облысында 34 инвестициялық жоба іске қосылды

Түркістан облысында ағымдағы жылы 58 инвестициялық жоба қолға алынып, соның 34-і іске қосылды. Бес мыңға тарта адам жұмыспен қамтылып, өңір капиталына 1 трлн 178 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Аймақта әсіресе ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және басқа да салада кәсіп ашуға мүмкіндік мол. Тілші тарқатады.
Бұл Жетісай ауданында жаңадан құрылған индустриалды аймақ. Асық ата кентінің іргесінен 59 гектар жер мемлекетке қайтарылып, қазір жаңа алты зауыттың құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында сүт өңдеу мен мақта зауыты, пластик құбырлар шығаратын өндіріс орындары бар. Сонымен қатар тамшылатып суаруға қажетті материалдар да енді Мырзашөл өңірінен шығарылады.
Данияр Толыбаев, Жетісай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Қосымша үш жоба жоспарланып отыр. Олардың бірі мақта майын өңдейтін зауыт және полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеп, одан жаңадан пленка шығаратын зауыт. Және де гранула шығаратын зауыт. Осы зауыттардың есебінен 1204 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.
Индустриалды аймақтан жыл соңына дейін ашылатын кәсіпорынның бірі ол мақта шитін өңдеу зауыты. Қытайлық технологиямен салынып жатқан өндіріс орнында тәулігіне 500 тонна мақта өңделеді. 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, үш аусымда еңбек етеді. Ал дайын өнім шетелге экспортталып, болашақта жіп иіру зауытын ашу жоспарланып отыр.
Руслан Бейсенов, компания өкілі:
Құрылыстың өзінде 35 адам жұмыс істейді Қытайдан келген. Договормен отырғанбыз, контракт бойынша. Олар осы зауытты құрып бізге, қосып, екі жыл контрактіні бітіріп, өзіміздің азаматтарға үйретіп, беріп кетеді. Соны ары қарай жұмысты өзіміз жасаймыз.
Ал Сарыағаш ауданының Дарбаза индустриалды аймағынан шемішке майын шығаратын зауыттың құрылысы жүргізіліуде. Жобалық қуатын 700 млн теңгені құрайтын өндіріс орнының құрылысы биыл маусымда басталған. Жыл соңында аяқталады, деп күтілуде. Құрал-жабдықтарының барлығы Қытайдан жеткізіледі. Тәулігіне 100 тонна шемішке өңделіп, одан май мен жем шығарады. Инвестордың сөзінше бастапқы кезде жергілікті 25-30 адамды жұмыспен қамту көзделген.
Абдуваз Мамадалиев, зауыттың директоры:
Біз шикізатты Солтүстік Қазақстаннан аламыз. Павлодар, Көкшетау, Қостанайдан. Келісім, контрактілеріміз бар. Тікелей фермерлерден әкеліп, осы жерден экспортқа шығарамыз. Ауғанстан, Өзбекстан, Қытайға, негізі экспортқа жұмыс істейміз.
Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Бұл бағытта инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер құрылған. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда 24 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Бөлісу