Бүгін қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, философ, сазгер Абай Құнанбайұлының туған күні.
2020 жылы Үкімет қаулысымен тура осы күн «Абай күні» мерекесі болып бекітілген. Абайдың мағынасы терең, көркем шығармалары адамзат баласын еңбекке, адалдық пен адамгершілікке, білімге, рухани дамуға шақырды. Оның қара сөздеріндегі, өлең-поэмаларындағы тәмсілдер әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. «Біздің Абайдан аларымыз әлі де көп. Сондықтан ұлы тұлғаны зерттеу мен дәріптеу жұмыстарын әлі де жетілдіруіміз керек», - дейді абайтанушы ғалымдар.
Алмахан Мұхамедқалиқылы, абайтанушы:
Абай – қазақ халқы үшін ғана емес адамзат үшін адам болуды насихаттаған ойдың ақыны. Ойға өзгеріс әкелген ақын. Абай адамдыққа өзгеріс әкелген ақын. Сондықтан да Абай ұлт таңдамайды. Әлемнің Абайға қызығып отырған басты себебі де сол. Кез келген өзінің шынайы жолынан адасып жүрген адам Абайды оқитын болса, өзінің жолын нақты табады. Сондықтан да Абайды ұлттың ұстазы дейтін болсақ, Абайдың дүниеге келген күнін нақтылап, тамыз айын Абайға арнау керек.
Абай тойы – ол киіз үй тігіп, ас беріп, той-думан жасап, шу-шұрқан болуды қалаған той емес. Абай ойдың ақыны. Тамыз ойы осы Абай айы деу керек. Осы айда Абай әндерінің байқауы, Абайдың қара сөздеріне талдау, Абай оқулары, жыл бойы Абай шығармашылығына байланысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың еңбегін бағалау, Мемлекеттік Абай атындағы сыйлықтың орнын белгілеу деген сияқты мәселелердің барлығын тамыз айына қою керек те, қалған уақытта жыл бойы Абайдың шығармашылығына ден қойып жұмыс істегендерді назарға алу керек деп ойлаймын. Біз Абайды аласартып алмауымыз керек. Абай биіктеген сайын қазақ биіктейді. Абай биіктеген сайын ұлт биіктейді.
Оңғар Алпысбайұлы