Балықты өзенінің жағасы қоқыстан тазарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балықты өзенінің жағасы қоқыстан тазарды

01.08.2024

Елімізде «Amanat» партиясының «Таза бейсенбі» тазалық науқанының аясы кеңейіп келеді. Бүгінде игі бастамаға саяси ұйым мүшелері ғана емес белсенді жастар мен волонтерлар және қарапайым тұрғындар да атсалысуда.

Талдықорғанда көпшілік бейсенбіде Балықты өзенінің жағасын қоқыстан тазартты. Партияның бастамасын білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қолдап, ұйымшылдықпен сенбілікке шықты. Сондай-ақ ерікті түрде қатысушылардың қатары көбейген. Жалпы эко-акция басталғалы облыста 400-ден астам аумақта сенбілік өтіп, 560 тонна күл-қоқыс шығарылды.

Алик Нұрмұханбетов, қала тұрғыны:

Жазғы уақыттарда әрине демалыс орындарына, судың жағасына көптеген қала тұрғындары, қонақтары келіп жатады. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтарға да тәлім-тәрбие бере отырып, тазалықты да үйретсе деп ойлаймын.

Ал Павлодарда «Amanat» партиясының өкілдері мен еріктілер қаладағы қарттар үйінің ауласын тазалады. Екі жүзден аса зейнеткер пана тапқан әлеуметтік нысанның аумағы өте үлкен. Сенбілікке шыққандар 3 гектардан астам учаскенің қураған шөбін жұлып, қоқысын жинап шықты. Жалпы тазалық шарасына 50-ге жуық адам қатысты. Олардың басым бөлігі жастар.

Мерғали Жүсіп, «Amanat» партиясының «Жастар рухы» ЖҚ ПОФ басшысы:

Бүгін қарттар үйінде жалпы 40-тан астам «Жастар рухы» ЖҚ, жастар бастамаларының белсенділері қатысуда. 

Шығыс Қазақстан облысында «Таза бейсенбі» Самар ауданында өтті. Туған жердің табиғатын аялап, қоршаған ортаның тазалығына мән беруге үндейтін игі іске жергілікті халық бейжай қарамады. Аудан орталығындағы ең ұзын «Самарға 100 жыл» көшесіне сенбілікке шыққан жұртшылық 5 шақырымға созылған даңғыл жолдың бойын бір сағаттың ішінде тазалап өтті.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу