Мадридте ЕУРО-2024 чемпиондарына арналған ауқымды концерт өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мадридте ЕУРО-2024 чемпиондарына арналған ауқымды концерт өтті

16.07.2024

Испания астанасында Еуропа чемпионатының жеңімпаздарына арналған ауқымды концерт өтті. Оған мыңдаған адам қатысты. Мадрид жұртшылығы ұлттық команданы қалай қарсы алды?

Еуропа чемпионатын төртінші рет ұтқан Испания құрамасы еліне оралды. Содан кейін ЕУРО-2024-тің жеңімпаздары төбесі ашық автобуспен Мадридтің көшелерімен жүріп өтті. Оларға қошемет көрсеткен жұртта қисап жоқ. Ондаған мың адам! Кейіннен футболшылар корольдік астанасының қақ жүрегіндегі жеңіс концертіне қатысты. Ел туындай қызыл-сары киген халық, теңіздей толқыған Сибелес алаңы. Өткен түні бүкіл Испания шаттанды, ән шырқады, би биледі.

Луис де ла Фуэнте Кастильо, Испания құрамасының бас жаттықтырушысы:

Осы ұлт үшін Испания үшін осындай болып қала берейікші. Біз қазіргідей біртұтас болсақ, күштірекпіз. Жасасын Испания!

Испания жексенбіде Англияны 2-1 есебімен жеңді. Оған Микель Оярзабал мен Нико Уильямстың арқасында қол жетті. Концертте осы екі ойыншыға құрмет ерекше көрсетілді. Еуропа турнирінің ең жас футболшысы атанған Ямалға да қошемет өте зор. 17 жастағы Ямал матчта жүріп мектеп бітірді.

Тағы бір айта кететін жайт, ойыншылар чемпиондық кубокты тура Берлиндегілей Сибелесте де басына көтерді.

Мигель Визкайно, футбол жанкүйері:

Біздің жақсы команда екенімізді жоққа шығаруға болмайды. Жеті кездесуден – жеті жеңіс. Лайықтымыз әрине.

Росио Родригес, футбол жанкүйері:

Бәрінен бұрын ұлттық құрама біздің көп ұлтты ел екенімізді көрсетіп берді. Бізді бәрі қуантты. Сондықтан, оларға өңіне, түсіне, шыққан тегіне қарамастан бірдей қошемет көрсетіліп жатыр. Осы жолы кубокты ұтқанымызға шаттансақ, келесі жолы осы бірлігімізбен басқа жетістіктерге де қуанарымыз хақ.

Осылайша, жергілікті тұрғындардың кейбірі құрама мүшелерінің алуандығына риза. Бірқатар сарапшылардың ойынша, мұндай адамдардың көптігі тарихы аймақтық және ұлтаралық шилеліске толы елдің бірлігін күшейтуге үлкен үлес қоса алады.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу