200-ден астам ерікті Жаңатас қаласын тазартуға атсалысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

200-ден астам ерікті Жаңатас қаласын тазартуға атсалысты

10.07.2024

Толассыз жаңбыр кезінде зардап шеккен Жаңатас тұрғындарына жастар көмекке барды. Облыстың он ауданынан жиналған еркітілер бір кісідей жұмылып қалада тазалық жұмыстарын жүргізді.

Бүгін жүздеген ерікті Жаңатасқа жиылды. Табан асты таудан келген тасқын жексенбіде қала көшелерін көлге айналдырған еді. Қауіптің беті қайтқанымен баспаналар бүлінді. Арық-атыз лайға бөкті. Екі жүзден астам ерікті шағын шаһардың шырайын кіргізбекке барын салды.
Абзал Есіркепов, ерікті:
Облысымыздың еріктілерінің барлығы басымыз бір арнаға тоғысып, қазіргі уақытта біздің күшіміз бірлікте екенін, біз біріксек кез келген қамалды алатынымызға көзіміз жетіп, осындай елді мекендерге келіп, өз жұмыстарымызды жасап жатырмыз.
Таудан лап қойған тасқыннан 400-ден астам аула мен 50-ге жуық үйге су кірген болатын. Тұрғындар «Таза Қазақстан» акциясы аясында аулалары тазаланып жатқанына дән риза. Белсенді жастар бел жазбастан қала ішін күл-қоқыстан арылтты.
Нағашыбек Айтбекұлы, Жаңатас қаласының тұрғыны:
Су тасқыны өте қиын болды. Осы еріктілер келіп үйдің бәрінің жағдайын жасап, көмектесіп жатыр.
Көптің күшімен қала бойынша 30 көшеден 15 тоннадан аса қоқыс жиналды. Енді жаңатастық жауаптылар қауіп қайталанбас үшін еріктілер тазалаған арық-атызды ары қарай кеңейтпек.
Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының әкімі:
Жалпы бұл жұмыстарды тағы күшейтеміз. Тау бөктерінде дренаж қазу, үйлердің кей лотоктары кіші болып жатыр көлемдері. Соны үлкейту жұмыстарын жүргіземіз.
Жаңатасты жайнатуға жұмылған жастар елімізде экологиялық мәдениет қалыптасқанын қалайды. Істің ілкімі - қоқыс шығаруда емес, айналаны мұнтаздай етіп, таза ұстауда деген пікірде.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу