ШЫҰ саммиті: Қазақстан төрағалығының қорытындысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШЫҰ саммиті: Қазақстан төрағалығының қорытындысы

07.07.2024

Екінші пункт ШЫҰ САММИТ-і туралы. Бұл жолы ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының жиыны ғана емес, ШЫҰ + форматының жиыны да протоколы қатталған деңгейде өтті. Түске дейін мүше мемлекеттердің жетекшілері Беларусьтің ұйымға енгенін рәсімдеп, Астана декларациясын қабылдады, түстен кейін оларға бақылаушы және серіктес мемлекеттердің жетекшілері қосылды. Ұйымға төрағалық еткен Қазақстан бір жылда атқарған шаруаны баяндады. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздің осы жиында айтылуы тиіс ұстанымдарын жеткізді.

Жалпы бұл ұйымды әуелі Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Қытай, Тәжікстан, Ресей әскер саласындағы сенім мен шекара бойынша қарулы күштерді қысқарту мәселелері бойынша келісімдерге қол қойғаннан кейін тоқсаныншы жылдардың ортасында құрған еді. Сөйтіп «Шанхай бестігі» атанған. 2001 жылы Өзбекстан қосылды. Жер дауларын реттеу үшін құрылған ұйымда біртіндеп аймақтық қауіпсіздік, экономикалық даму мәселелері де талқылана бастады. 2017 жылы Үндістан мен Пәкістан, былтыр Иран кірді. Биыл- Беларусь республикасы. Әлемнің жартысына жуық халқы мекендейтін мемлекеттердің ұйымына айналды.

Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев Астана САММИТ-і пафоссыз, жоғары деңгейде ұйымдастырылған деп есептейді. Логистикасы мен протоколы жоғары деңгейде жұмыс істеді, ал құжаттары Астана декларациясын қоса алғанда, терең талданған аналитика дей келе, дипломатиялық эквили-бри́стика таныттық, дейді. Эквили-бри́стика білесіздер, цирк өнерінің жанры. Шатқаяқтап тұра алмайтын жерде артисттің тепе-теңдікті ұстай алуы. Сөйте тұра музыкалық аспапта ойнау, акробатикалық жаттығу жасау, жонглерлік көрсету. Бұл дипломаттарға берілген жоғары баға. Сарапшы 2010 жылы өткен ЕҚжЫ ұйымының САММИТін еске алыпты. Дүрбелеңге түстік, жүйке жұқарды, дабыра – ақыр соңында жемісті болды дей алмаймыз деген.

Ал қазір Астана расында, келіссөздер үшін тамаша алаң – бізде Шығыстың да, Батыстың да лидерлері жайлы және қауіпсіз сезінеді деп санайды, Селтеев. Сонымен бірге биылғы жиынға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш пен Түркия президенті Реджеп Ердоғанның келгенін атап өткен. Халықаралық бедел деген осы деп бағалайды. Айтпақшы Антониу Гуттериш Астанаға сапары аясында Димаш Құдайбергенмен кездесті. Д.Құдайберген Халықаралық көші-қон ұйымының ізгі ниет елшісі.

БҰҰ Бас хатшысы Димаштың өнері әлем бойынша миллиондаған адамды тәнті етіп, оның дауысы адам құқықтарын қорғауда айтарлықтай үлес қосатынын атап өткен. "Мен өз талантымды әлемдегі оңтайлы өзгерістерге пайдалана алатыныма ризамын. Сондықтан бүгінгі түскен фотосуретті қуана отырып көпшілік назарына ұсынамын", – деген әнші.

ШЫҰ саммиті жайлы Данияр Қайыртайдың материалы.

Данияр Қайыртай:

30 жылға жетер-жетпес уақытта «бестіктен» «ондыққа» айналған ұйым қазір әлемнің 45 пайыз халқы, яғни 3 млрд-тан астам адам тұратын ауқымды нарық. Ұйымға мүше елдерге әлемдік экономиканың – 30 пайызы, сауда айналымының 25 пайызы тиесілі. Осындай экономикалық әлеуеті, адами ресурсы мен саяси салмағы бар ұйым әлемде қалыптасқан ахуалға ықпал етуге мүдделі. Саммит «Көп жақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұранын арқау еткені де сол.

Саммит бастала сала тараптар аумағы толығымен шығыс Еуропада орналасқан Беларусьті ұйымға қосу туралы құжатқа қол қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осыған байланысты Беларусь президент Александр Лукашенконы құттықтағым келеді. Сіздің мемлекетіңіз Шанхай ынтымақтастығы ұйымының толыққанды мүшесі атану үшін қысқа мерзімде барлық қажетті шараларды жүзеге асырды.

Жан Көшербаев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы:

Минск үшін ШЫҰ кірудің басты артықшылығы Қытаймен қарым-қатынасты кеңейту мүмкіндігі болып табылады. Санкциялар құрсауында қалған Беларусьқа бұл өте тиімді форум. +01,40Беларусь билігі елдің ШЫҰ қатысуын үлкен дипломатиялық жеңіс деп бағалап және осы елдің халықаралық аренадағы, қала берді әлемдік саясатта орны мен маңызы бар екенін көрсеткісі келіп отыр.

Қайрат Беков, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы:

Бұл жерде нақты географиялық тараптан, нақты Беларусия болсын немесе басқа мемлекеттерге кіруге ешқандай шектеу жоқ. Оның үстіне саммитте декларация болсын, басқа құжаттар болсын, «еуразиялық кеңістік» туралы өте көп айтылған болатын. Ал еуразиялық кеңістік деген – Азияның да мемлекеттері, Еуропаның да мемлекеттері бар ашық, ортақ кеңістік болып табылады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті» деді. Әрі «Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастық жаңа мазмұнмен толыға түсетініне» сенім білдірді. Ал сауда-экономикалық байланыстырды нығайтуды басым бағыт деп атады.

Қайрат Беков, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы:

Қазақстанның ұстанымы бойынша санкциялық саясат әлемдік экономиканың болсын, осы ОА елдерінің экономикасының дамуына үлкен нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан ондай санкциялық соғыстарды тоқтатқан дұрыс немесе икемділік танытуға шақырған болатын.

Жан Көшербаев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы:

Президент «ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамытудың үлкен еуразиялық белдеуіне айналуға қабілетті»деп атап өтті. Еліміз еуразиялық көлік жүйесінің негізгі буындарының бірі болып табылатынын ескерсек және Қазақстан арқылы осы Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдардың 80 пайызы жүзеге асырылатынын ескерсек, Президент өте өзекті бастаманы алға тартып отыр.

Саммит қорытындысында 25 құжатқа қол қойылды. Оның бастысы – Астана декларациясы.

Қайрат Беков, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы:

Себебі оны оқитын болсақ, осы ШЫҰ мүше мемлекеттердің қазіргі әлемде болып жатқан мәселелерге деген көзқарасы, соған қатысты ұстанымы және осы болып жатқан түрлі өзгерістерге олар қалай жауап беретіндігі туралы айтылған болатын. Сондықтан оны осы ШЫҰ-ның және оған мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ұстанымдарының және философияларының жиынтығы деп айтса болады.

Жан Көшербаев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы:

«Қатысушылар өз аумағында мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаттарына қайшы келетін кез келген қызметке жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды» деген тезис өте маңызды. Өйткені Қазақстан үшін осы күрделі геосаяси жағдайда осындай деңгейдегі кездесулердің нәтижесінде қабылданған құжаттарда жоғарыда аталған қағидаттардың тағы бір мәрте расталуы өте маңызды.

Тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға да уағдаласты. Құжатта 2030 жылға дейінгі стратегия түзілген.

Жеңісбек Төлен, Саясаттанушы, Phd:

Ресей, Қазақстан сияқты энергетикалық экспорт жасайтын мемлекеттер және Қытай, Үндістан сияқты энергетиканы тұтынушы үлкен мемлекеттердің әріптестігін орнату. Яғни Батыс тұтынушы энергетикасынан Шығысқа бет бұру мәселесі де осы ұйым аясында көзделіп отыр.

Тағы бір құжат – ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы. Онда ұйымның ықпалын аймақтық деңгейденхалықаралық деңгейге көтеру мәселесі де көзделген.

Жеңісбек Төлен, Саясаттанушы, Phd:

Енді оны халықаралық деңгейге шығару, бұл ұйымның қабылдаған шешімдерінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне де ұсыну мәселесі де қозғалған еді. Осыдан көруге болады, бұл ұйым енді алдағы уақытта Батысқа баламалы, альтернатив ұйым ретінде ұсынылғанын көруге болады. Яғни осы күнге дейін батыстық капитализм әлемдік саяси сахнада үстемдік етіп келсе, енді оған балама ретінде екінші фронт – Шығыстық фронт ШЫҰ арқылы төтеп беру немесе қарсы тұру мәселесінің астарлап шығып жатқанын аңғаруға болады.

Бірақ бұл мәселеде ағылшын тілді, демократиялық режим орнаған Үндістан сылбыр. Тіпті осы жолғы саммитке бірінші басшысы келген жоқ. Сыртқы істер министрін жіберді. Оған өткен айда АҚШ бастаған «Үлкен жетілік» тобының саммитіне қонақ ретінде қатысып қайтуы да себеп болуы ықтимал дейді сарапшылар.

Қайрат Беков, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы

Үндістанды АҚШ осы Азиядағы Қытайға қарсы тұра алатын бірден-бір мемлекет деп санайды. Бұл – бір жағынан. Екінші жағынан, соңғы жылдары батыстық санкцияларды елемей, Ресейден мұнайды сатып алып отырған мемлекеттердің бірі болып табылады. Сондықтан қазір Үндістан Батыстың одақтасы немесе ШЫҰ қолдайтын мемлекеті деп айтуға келмейді. Себебі Үндістан тым үлкен, тым қуатты. Оның өз бетінше саясат жүргізуге деген күш-қуаты жетіп жатыр.

Жан Көшербаев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы

Қытаймен арадағы шекара мәселесі, Пәкістанмен бәсекелестік Үндістанның осы ШЫҰ жұмысына қызығушылығын төмендеткен сияқты. Оның үстіне Үндістан жоғары билігі соңғы кездері Батысқа қарсы мәлімдемелері бар жиындар мен құжаттарға қатыспауға тырысып жүр. Астана декларациясындағы Қытайдың бастамаларын қолдау жөніндегі мәлімдемелерге жоғары билігі қол қоюға дайын емес.

Ұйымға мүше елдердің басшылары мен өкілдері оңаша отырып кеңескен соң, «ШЫҰ+» форматындағы кеңейтілген жиын өтті.

Жеңісбек Төлен, Саясаттанушы, Phd:

ШЫҰ тарихындағы ең үлкен саммит деп айтуға болады. Бұл жердегі үлкен жаңалықтың бірі – БҰҰ Бас хатшысы Гуттериштің қатысуы. Бұл шыныдығында ШЫҰ салмағын одан сайын арттырды деп айтуға болады. Қазақстанның әсіресе рөлін ерекше атап өтті.

Жан Көшербаев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы

Сондай-ақ НАТО-ға мүше елдің басшысы, Түркия президенті Режеп Ердоғанның келуімен ерекше болды. Бірақ екеуі де бір сенсация болатындай, дипломатиялық ортада талқыға түсетін үлкен мәселелерді қозғаған жоқ.

Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев «халықаралық қауіпсіздіктің арихтектурасына қауіп төніп тұрғанын» айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады.Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс.

Жан Көшербаев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы

Кезекті ШЫҰ саммиті де Батыс пен Шығыс арасындағы бір арағайындық площадкасы ретінде ұсынғысы келгені жасырын емес. Себебі Астана декларациясының тезистерінде компромиске келудің талпынысы көрінеді.

Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды талқылап, бекіту үшін ортақ алаң құру қажеттігін де айтты.

Қайрат Беков, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы

Ортақ инвестициялық құрылымдардың негізін қалау осы құрылым негізінде мүше мемлекеттер бір-бірімен инвестиция алмасу мүддесін алға тартқан болатын. Ол да түсінікті. Өйткені Қазақстан болсын немес ОА басқа елі болсын экономикалық дамуы үшін инвестициялар өте қажет.

Түптеп келгенде мемлекеттер басшылары деңгейіндегі осындай жиындар ел мүддесі үшін аса маңызды дейді маман.

Жан Көшербаев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы

Қазақстан осындай алқалы форумдарды ұйымдастыру – Қазақстанның болашағына үлкен инвестиция. Себебі кез келген нақты экономикалық жоба болсын, кез келген нақты саяси жоба болсын осындай үлкен мемлекеттік деңгейде, әсіресе мемлекеттік басшылар деңгейінде саяси шешімдер қабылданады.

Данияр Қайыртай, Тілші:

Қазақстан халықаралық құрылымды жаңғырту жайында ұсынысын да білдірген. Әсіресе, ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптайды. Бастама қолдау тапса, онымен де Қазақстанның билік эшелонынаншыққан саясаткер Нұрлан Ермекбаев айналысуы мүмкін. «Шанхай ондығында» орынбасарлық қызметте жүрген ол алдағы екі жылға Бас хатшы болып сайланды. Бұл да қазақ дипломатиясының жетістігі деуге болатын нақты әрекет.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу