Бұдан былай интернет арқылы шет елден тауар тапсырыс бергеніңіз үшін кедендік баж төлеуіңіз мүмкін. Қазір бұл мәселені Еуразиялық Экономикалық Одақ комиссиясы қарап жатыр. Бұған қарапайым халық пен саудагерлердің көзқарасы қандай?
Электронды сауданың күн сайын қыз-қыз қайнап жатқаны соншалық, биыл әлем бойнынша онлайн айналымның көлемі 6,4 триилион долларға жеткен. Былтыр қазақстандықтар да түрлі маркетплейстер арқылы 1 триллион 800 миллиард теңгеге тауар сатып алған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 60 пайызға көп. Тұтынушылар енді кедендік бажды төлеу міндеттелсе, бірқатар талаптар реттелсе, дейді.
Ең басты сұрақ осы. Десе де, әзірге сырттан тасымалданатын тауардың бағасын ұстап тұратын тетік жоқ. Ал базардағы саудегерлер онлайн сауданың кері әсерін күнде көріп жүрміз, дейді.
Төкен Алдоңғарова, жеке кәсіпкер:
Салық ол төлеу керек, сен қайдан тапсырыс берсең де, қайдан алсаң да, сен одан пайдасын көріп отырсың ғой.
Рабиға Рахымжанова, жеке кәсіпкер:
Онлайн сауда шыққалы әрине кедергісін тигізеді бізге. Ол жерде онлайн саудада көбіне тауарды осы біздің тауардың көшірмесін салады да, соны жібереді. Сонымен клиенттер оған риза болмай, оны қайтарып жібереді оларға.
Кедендік баждың бірыңғай төлемі қалай өзгеретені әзірге белгісіз. Қазір Еуразиялық Экономикалық Одақтың комиссиясы тариф құнын, электронды саудаға жатпайтын тауардың тізімін түгел пысықтап жатыр. Айта кетейік, кедендік баж Одаққа мүше елдерге өзге мемлекеттен жеткізілетін тауарларға ғана қойылуы мүмкін. Бұл ең алдымен отандық өндірісті дамыту әрі ішкі нарықты тұрақтандыру үшін жасалмақ, дейді мамандар.
Болат Ибрагимов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:
Енгізілген өзгертулердің мақсаты – біріншіден көлеңкелі экономикаға қарсы күрес. Екіншіден, кедендік рәсімдеуден өткізу. Салық төленбейтін болса да, олар кедендік рәсімдеуден өтуі керек. Себебі елімізге алып келетін тауарлардың қауіпсіздігі, олардың қандай тауар екенін олар кеден тексеруінен өтуі керек.
Ал тауарларды тіркеп, қоймаға жайғастыратын бірыңғай электронды оператор болады. Тексерістен өтіп, әрі қарай тұтынушыларға жеткізіледі. Сұраныстың көбі қазір киім-кешек пен аяқ киім және тұрмыстыққа қажетті заттар екен. Сарапшылар, тарифті көтеруді кейінге шегере тұру керек деген ойда.
Мақсат Халық, экономист:
Бұл ерте ме, кешпе салынатын салық болайын деп тұр. Бірақ дәл қазіргі уақытта оны көтерудің қажеттілігі жоқ. Қайта керісінше электронды сауда бізде барынша дамысын. Сосын ғана барып тарифтері туралы қандай тариф оған салынады, қандай салықтың көлемі қалай болады осы мәселесінде үлкен талқы болу керек деп есептеймін. Сарапшылардың арасында, үкіметтің арасында. Сол кезде бір консенсусқа бір мәселе бойынша келеді.
Айта кетейік, осы жылдың 1 сәуірінен бастап кедендік бажсыз тек 31 келіден аспайтын, бағасы 200 еуродан артық емес тауарлар өткізіледі. Ал одан көп болса, кедендік төлемге тауар құнының 15 пайызын төлеуге тура келеді. Былтыр елімізге әкелінген өнімнің 97 пайызына кедендік баж төленбепті.
Әйгерім Ердәулет