Басты Жаңалықтар Израильдік тұтқындар босатыла бастады

Израильдік тұтқындар босатыла бастады

Таяу Шығыста бүгін үлкен қуаныш. «ХАМАС» 20 израильдікті кепілдіктен босатты. Бұған жауап ретінде еврей мемлекеті өз түрмелерінен 2 мыңға жуық палестиналықты үйлеріне қайтарып жатыр. Аймақта бейбітшілік жоспарының қабылдануына мұрындық болған Америка президенті тіпті Газада екі жылға созылған соғыстың аяқталғанын жариялады.

Бірақ «ХАМАС» Трамп пен Нетаньяхудың барлық талаптарын қабылдады ма? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

«ХАМАС» тобы бүгін өз кепілдігіндегі 20 израильдікті түгел босатты. Олар Қызыл Крест ұйымының өкілдеріне, содан Израиль армиясына тапсырылған. Туған туыстарының қуанышында шек жоқ.

Бұл – жұма күні мақұлданған бейбіт келісімнің негізгі шарты. Ал Израиль өз түрмелерінен 250 палестиналық пен соғыс кезінде ұсталған 1700 адамды үйлеріне қайтарып жатыр. 

АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығысқа бара жатып мәлімдегендей, Газадағы қырғын осымен аяқталды деуге болады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Соғыс бітті. Соғыс бітті! Ол – тәмам. Ұқтыңыз ба?

Осыдан бірнеше сағат бұрын Трамптың ұшағы Тель-Авивтің Бен Гурион әуежайына қонды. Содан кейін Құрама Штаттар лидері Израиль парламентінде сөз сөйледі. Оның сөзін «Палестина мемлекетін мойындаңыз!» деген ұранмен бөлген депутат залдан дереу шығарылды.

Кешке таман Трамп Шарм-әш-Шейхқа аттанды. Мысыр сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, 20 елдің өкілдері қатысатын саммитте Газадағы соғыстың тоқтағаны жайлы құжатқа қол қойылып, осы анклавтың болашағы мен Таяу Шығыстағы жалпы ахуал талқыланады.

Эмманюэль Макрон, Франция президенті:

Мұның бәрі атысты тоқтатып, бейбітшілікті қалпына келтіруге бастап отыр. Газада соғыс аяқталғаннан кейін гуманитарлық операциялар жандануы керек. Осы қуанышымды израильдіктермен, палестиналықтармен бөліскім келеді. Бұған қолымызды жеткізген келіссөз жүргізушілер алғыс айтамын.

Израиль жауынгерлері болса Газа, Хан-Юнис қалалары мен өзге де аудандардан шығарылды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, олар Рафах шахары мен Газаның солтүстігіне және Израильмен арадағы шекара бойына жөнелтілді. Дегенмен Израиль әскері бұл сектордан толық әкетіле ме деген сауалға әзірге жауап жоқ. Сонымен қатар Трамп жоспары бойынша, хамастықтар қаруын тастап, Газадағы билік халықаралық орган бақылауынадағы палестиналық технократтардың қолына өтуі керек. Алайда «ХАМАС» қарусыздануға және болашақта Газаны шетелдіктер басқарғанын құптамай отыр.


 


Бөлісу