Басты Жаңалықтар Гидротехникалық нысанның құрылысы желтоқсанда аяқталады

Гидротехникалық нысанның құрылысы желтоқсанда аяқталады

Атырау облысындағы Жем өзені мен Құрсай өзегіндегі су деңгейін реттейтін  гидрошлюздің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Енді қос өзеннен Құлсарыға қауіп жоқ. Екі жыл бұрынғы алапат тасқын кезінде Құрсай мен Жем өзені арнасынан асып, 3000-ға тарта инфрақұрылым су астында қалған еді. Осыдан кейін апаттың алдын алу үшін өзеннің түбін тереңдетіп, жағасын бекіте бастады. Құрылыс барысын әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт көріп келді.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Бұл Құрсай өзегінің Жем өзенінен бастау алатын тұсы. Қазір мұнда қалаға қарай жіберілетін суды реттеп отыратын арнайы гидрошлюз салынуда. Биіктігі 3,5, ұзындығы 125 метрді құрайтын нысанның қазір бетон құю жұмыстары жүріп жатыр.

Құрылыс басында 10 шақты техника мен 32 адам еңбек етуде. Мердігер мекеме нысанның құрылысын желтоқсан айына дейін бітірмек.

Жасұлан Самалиев, Құрылыс монтаждау жұмыстарының маманы:

Орта есеппен алғанда секундына 40 текше метр деп есептейміз. Жем арнасында жыл 12 ай су бірқалыпты жүрмейді. Қауіп тек көктем мезгілінде келеді. Соған арнап және төменгі сайлардағы судың толқынын тоқтататын регулятор деп есептейміз.

Ал жалпы тереңдетілетін аумақ 96 шақырымды құрайды. Оның 50 шақырымы, яғни Жем өзеніндегі жұмыс толық аяқталды. Бірақ мұның екінші жағы бар. Шаруалар малымыз қырылып жатыр деп дабыл қағуда. Өйткені бекітілген бөгеттер су көздерін жауып қалған.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Жем өзенінің бойында қазір мал суаратын орын тапшы. Түп тереңдету жұмыстары кезінде бұрынғы суаттардың барлығы жабылып қалған. Қазір енді тұрғындардың ұсынысымен яғни өз күштерімен осындай суаттар ашылып жатыр. Көріп тұрсыздар, соның арқасында төрт-түлік емін-еркін кіріп су ішіп жатыр.

Сафи Шудабаев, шаруа:

Арғы жағында, бергі жағында елді мекен бар. Мал деген ары-бері өтеді. Мына жарғабақ тым биік. Мал өлімі осыдан көп болып жатыр.

Маран Шығыров, шаруа:

Бірінші кезекте, әрине, Құлсарыны қорғау үшін жасалып жатқан жұмыс деп білемін. Бірақ жасалып жатқан жұмыстың олқы тұстары көп. Суат болмағандықтан қай жер ойпаң, соған түседі де ұйыққа жығылады. Мықтылары шығып кетеді. Қалғандары қалады. Осы біз тұрған жерден километрге дейінгі аралықта 24-25 тей мал өлді.

Аудандағы атқамінерлер мәселемен хабардар. Жалпы төңіректе мал суаратын осындай 5 суат бар. Алдағы екі аптада оларды толық ашып береміз деп сендірді.

Жәнібек Сабыров, Жылыой ауданы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Осы жұмыстарды атқарып жатқан «SAF Invest» ЖШС ескерту айтылды. Бұл мекеме осы ескертулер бойынша жұмыстарды жасайтын болады.

Ал түп тереңдету және жаға бекіту жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Келер жылы жағаларды бетондау басталады. Әзірге жұмыстар кедергісіз жүріп жатыр. Бірақ республикалық бюджеттен кідіріс бар. Жобаның аяқталу уақыты тікелей осыған байланысты.

Бөлісу