Қостанай облысында тасқын кезінде өлген 3,5 мыңнан аса малға өтемақы төленді. Оның басым бөлігі оңтүстік аудандарда. Мұның бәрі есепте тұрған, өлексесі табылған түліктер. Тіркеуге алынбаған, өлексесі табылмағандарына байланысты өтінімдер әлі қаралып жатыр.
Бүтінбай Смайылов көрсеткен бұл бейнежазбалар тасқын кезінде түсірілген. Жангелдин ауданы Көкалат ауылының аумағындағы оның қыстауына ағын су төтеннен лап қойғанда, мал түгілі адамдар шығып үлгермепті. Өзінің айтуынша биылғы төлімен қосқанда мыңға тарта ұсақ малы түгел қырылған. Ірі қарадан да шығын бар. Соның есепте тұрғанына түгел өтемақы алыпты.
Бүтінбай Смаилов, шаруа:
Қойға 19 млн, сиырға 7 млн теңге өтемақы алдым. Ірі қараның енді осы қалғанын ұстаймын. Ал қойды күзге қарай ламын ба деп олтырмын. Мал керек, онсыз болмайды.
Шаруаның әлі 50 шақты сиыр малы табылмапты. Қазір соған анықтама жинап жүр. Су басып құлаған қыстаудағы үй мен қора қопсыға да өтемақы берілуі тиіс. Тек шаруа қожалықтарының ғана емес, жеке адамдардың да азын-аулақ малы шығын болған. Олардың да дені өтемақы алған, енді соны керек-жарағымызға жаратамыз деп отыр.
Руслан Байқадамов, Тәуіш ауылының тұрғыны:
Ептеп мал шығыны болды. Үкіметке рахмет, төледі. Енді оны отын-суға жаратамыз ба деп отырмыз.
Аудан бойынша барлығы 69 өтініш қаралып, мыңнан аса түлікке 205 млн теңге өтемақы берілген. Ал есепте жоқ, өлексесі табылмаған түлікке қатысты шешім, жан-жақты тексеруден соң шығады.
Гүлмира Ұзаққызы, Жангелдин аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы:
Малы табылмағандарға байланысты өткенде отырыстар жүргізілді. Куәгерлер, мал дәрігерлері, ауыл әкімдерінен әкелген анықтамалары қаралады. Әлі шешім жоқ. Бірақ жақын арада шешіледі.
Осы уақытқа дейін жалпы облыс бойынша 3520 түлікке 3 млрд 341 млн теңге төленген. Әлі де шығын болған мал санын анықтау, өтемақы беру бойынша жергілікті комиссиялар жұмысы жалғасып жатыр.
Дәуренбек Әбдібек