Түркияда жергілікті қазақтарды алаңдатқан мәселелер талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда жергілікті қазақтарды алаңдатқан мәселелер талқыланды

28.06.2024

Түркиядағы қандастарымыз өскелең ұрпақтың қазақ тілін ұмытып бара жатқанына алаңдаулы. Ыстанбұл қаласында тұратын қазақтармен арнайы кездесіп, жиын өткізген «Отандастар» қорының президенті Данияр Қадыровқа, қандастарымыз өздерін толғандырған осы тектес мәселелерді жеткізді. Басқосуда, Түркиядағы қазақ диаспорасының қазіргі жағдайы, кезек күттірмейтін күрмеулі мәселелері де айтылды.

Бұдан бөлек, Қазақстанға танымдық сапарлар ұйымдастыру, ортақ іс-шаралар өткізу сияқты жұмыстар да талқыланды. «Отандастар» қоры Түркиядағы қазақ диаспорасына барынша қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Жиыннан соң, қор президенті Ыстанбұлдағы қазақ мәдени ұйымдарының жұмыстарымен танысып, Қазақстан Бас консулдығының бастамасымен ашылған домбыра үйірмесін көрді.

Данияр Қадыров, «Отандастар» қорының президенті:

Менің келген ең басты мақсатым осы жердегі ағайындардың уәждерін естіп, осылардың ұсыныстарын естіп, осы ағайындар қандай мәселелер қобалжиды қандай мәселелер ойларында бар екен, солардың бәрін өзімізге түйіп алып, өзіміздің мүмкіндіктерге қарай бірге жұмыс істесек деген ойларымыз болды. Қуантарлығы жастардың белсенділігі, жастар белсенді қатысып жатыр, жастардың ұсыныстары өте мықты болып жатыр.

Жанымхан Жаналтай, «Қазақдер-Алтай» қоғамдық ұйымының төрағасы:

Шетелде жүрген қазақтардың сөздерін, сезімдерін елімізге жеткізетін ең алғашқы мекеме сол Отандастар қоры болып отыр. Осы жерде тұратын диаспора қазақтардың қандай жағдайлары болғаны не керек екені алдағы жоспарларды талқыладық алдағы уақытта сол жоспарлағанымыздың барлығын ұйымдастырамыз деп үміттенемін.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу