Көшпенділер өмірін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды насихаттау – туризмді түлетудің бір жолы. Мәселен қолөнер мен спорт, мәдениетті көрсету арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік саяхатшыларды тартуға болады. Десе де, сала мамандары қордаланған мәселенің де барын айтып, шешу жолдарын ұсынып отыр.
Әлемнің түкпір-түкпірін аралап, отандық туризмді әлеуметтік желіде жарнамалап жүрген саяхатшы-фотограф Ернар Алмабек мәдениет пен елімізге тән ерекшелікті көрсету керек. Отандық туризмді дамытуға креатив жетіспейді, - дейді.
Ернар Алмабек, саяхатшы-фотограф:
Мысалы, Әзірбайжанды алайық, кілемдер музейін ашып қойған, қандай керемет өздерінің ата-бабасынан келе жатқан дәстүрді сақтап, қазіргі ұрпаққа көрсетіп жатыр, сол кілемдерді көру үшін әлемнің түкпір- түкпірінен туристтер ағылады. Өзіміздің салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді көрсететін болсақ, соны насихаттайтын дүниелер жасайтын болсақ, шетелдіктер соған қызығып келеді.
Мәселен, былтыр Алматыға екі миллионнан аса турист келген, оның 540 мыңы шетелдіктер. Олардан мемлекет қазынасына 72 миллиард теңге салық түсті.
Осы ретте сала сарапшысы Рашида Шайкенова өңірлердегі туризмді де дамыту керек дейді. Ол үшін ауылдағы кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант берілуін ұсынады.
Рашида Шайкенова, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры:
Біз ауыл адамдарын кәсіпкерлікке туризм саласында қызмет көрсетуге үйретуіміз керек. Ал саяхатшыларға ұлттық тағамды дайындауды, төрт түлікті күтіп баптауды, көшпелілердің тұрмыс салтына тән дүниелерді көрсетсек, туристер қатары артады.
Сондай-ақ, сала мамандары жолды жөндеп, туристік транспорт түрін көбейтуіміз керек деген ұсынысты алға тартты. Әсіресе, таулы аймақтарға арналған жайлы автобустар жетіспейді, шағын ұшақтар, тікұшақтар жоқ. Былтыр 8 млн-нан астам қазақстандық шетелде демалуды жөн көрген. Олардың ішінде Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр Таиланд, Вьетнам бағыттары көш бастап тұр. Алғашқы 5 айда 340 мың қазақстандық шетелге саяхаттаған. Бұл қарқын әзірге бәсеңдемейді. Ол үшін саланың дамуын іркілтіп тұрған мәселелерді бірізге салу керек, - дейді мамандар.
Айдана Қуантхан