Алматыдағы ботаникалық бақта 100 түрлі өсімдік үсіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы ботаникалық бақта 100 түрлі өсімдік үсіп кеткен

18.06.2024

Алматыдағы ботаникалық бақта жылдар бойы баптап келген, сирек кездесетін, жүз түрлі тропикалық өсімдік биыл қыста үсіп қалды. Себебі, жылыжайдың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Екі жыл бұрын басталған нысанның құрылысы биыл да тоқтап тұр. 

Биыл оранжерея 20 градус аязда ашық қалған. Мамандар тропикалық өсімдіктер мұндай температураға бейімделмегенін айтады. Олар былтыр алты ай қыста тек қаңқасы тұрғызылып, жан-жағы қаңырап қалған жылыжайды күн сайын өздері жылытып, өсімдіктерді сақтап қалуға тырыстық, дейді
Шолпан Мүрсалимова, Тропикалық және субтропикалық өсімдіктер зертханасының меңгерушісі:
Оранжерея құрылысы басталған кезде біздің коллекциямызда 500-ден астам өсімдік түрі болған. Қазір 100-ден астамы үсіп қалды. Олардың ішінде 60-80 жылдық өсімдіктер де бар. Енді оларды қалпына келтіре алмаймыз. Кейбіреулерінің тұқымы коллекциялық қорда бар. Ал жерде тұрған өсімдіктер аман қалды, биік өскендері суыққа шыдамады.
Айдана Қуантхан, тілші: 
Ұзындығы 20 метр болатын мына пальманы мамандар төбесіне арнайы жабын жауып, екі жыл қыс суықтан сақтап қалыпты. Себебі мұндағы өсімдіктерге кемінде 18 градус жылылық керек. Ал егер жағдай осылай жалғаса берсе 80 жылдық пальма да келер қыста үсіп қалуы мүмкін.
Нысанды қайта жөндеу жұмыстары «SHAK» компаниясына берілген. Төлқұжатқа сәйкес, құрылыс 2022 жылы басталып, бір жылдан соң аяқталуы керек еді.
Гүлнар Ситпаева, «Ботаника және фитоинтродукция институты» рмк бас директоры:
Оранжереяны жөндеу жұмыстарына 1 млрд 43 млн теңге бөлінді, оның 500 млн-ға жуығы игерілді, қалғаны бюджетте қалды. Құрылыс компаниясы жылыжайды уақытында тапсырмаған соң, біз сотқа бердік. Сот шешімі бойынша оларға нысанның жұмысын аяқтау міндеттелді.
Ал «Shak» мердігер компаниясының өкілдері «құрылыс материалдары қымбат, ал бөлінген қаржы жұмысты толықтай аяқтауға жетпейді» деп қысқа қайырды.
Владимир Копылов, «Shak» құрылыс компаниясының өкілі:
Бюджеттен бөлінген қаржы аз. Біз қайта жобалық смета жасап жібердік, алайда, ақша қарастырылмайтынын айтты.Біз инвестор тартуға барынша тырыстық. Алайда «Shak» компаниясы қара тізімде тұр.
Ал ботаникалық бақтың заңгері, егер мердігерді қайта таңдайтын болсақ, бұл процесс ұзақ уақытты алуы мүмкін, дейді.
Ерік Тойжанов, «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК заңгері:
Ендігі жұмыстар, демеуші табылса, сол өз ақшасына мына объектіні аяқтап берсе, басқа құрылыс компаниясын жалдап, біз мемлекет арқылы алсақ. Біріншіден көп уақыт кетеді, екіншіден біздің сметалық құжаттамамыз 3 жыл өтіп кетті, оны қайтадан біз жасауымыз керек, қайтадан экспертизадан өткізуіміз керек.
Тамыз айына дейін демеуші компания табылса, жылыжайдың құрылыс жұмысы басталады. Бірақ жоба өте күрделі, тәжірибелі мамандарды қажет етеді, сондай-ақ, тағы қанша жылға созылары белгісіз. Ал мұндағы сирек кездесетін өсімдіктердің алдағы қыстан аман шығарына ешкім кепіл бермейді.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу