Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ельдің елімізге мемлекеттік сапары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ельдің елімізге мемлекеттік сапары

16.06.2024

Оңтүстік Корея республикасының президенті Юн Сок Ёль елімізге мемлекеттік сапармен келгенінде көпшілікті сүйсінткен бір фото болды.

Барлық ресми шаралар аяқталғасын, саясаттың әңгімесі бірыңғайланғасын Президенттер екі ел өнерпаздарының Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрындағы гала-концертін тамашалауға барған. Ал концертке дейін театр фойесіне қойылған «Ұлы дала алтыны» көрмесін аралап көрген.

Көрмеге алтыннан жасалған археологиялық тарихи жәдігерлер, соның ішінде басты экспонат ретінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» реконструкцияланған киімі мен қару-жарағы қойылды. Сонымен бірге қазақ тазылары тұрды. Корея президентінің жұбайы Ким Кон Хи тазының алдына жүрелеп отыра кетті, міне, сәт бейнеленген фото өте әдемі шыққан! 

Ылғи айтамыз, дамуы тамсантатын мемлекеттермен ынтымақтастық, сауда, инвестиция тарту, үйрену тек мақұлдайтын тірлік. Жеріміздің сирек металлдарға бай болуы біздің екінші тынысымызды ашатын фактор сияқты, ал оларды игеруде Оңтүстік Корея сияқты үрейлендірмейтін, керісінше, тәнті еткізетін дамыған елдермен бизнес серіктес болу өте маңызды. Юн Сок Ёль-дің мемлекеттік сапарының саяси және экономикалық қырларын Данияр Қайыртай сараптайды.

Данияр Қайыртай, Тілші:

Про-америкалық саясат жүргізетін Оңтүстік Корея литий кенінің 80 пайыздан астамын Қытайдан тасиды. Енді сол тәуелділігін 2030 жылға қарай 50 пайызға дейін азайтқысы келеді. Әйтпесе Қытай Америкаға қыр көрсетіп, түрлі сылтаумен тасымалға кедергі келтірсе, кореялық аккумулятор өндірушілер шикізатсыз, тиісінше электр құрылғыларын өндірушілер аккумуляторсыз қалып қоюы мүмкін.

Сырым Парпиев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ «Questioning regional affairs» ғылыми-сараптамалық және зерттеу орталығының сарапшысы:

Хенде корпорациясы, КИА, Самсунг, ЭлДжи, цифрлық технологияны дайындайтын барлық Корей гигант компаниялары қазір зәру бұған. Менің ойымша, литий көрсеткіші бойынша, басқа да қор бойынша өте маңызды стратегиялық аймаққа айналуы мүмкін.

Сол литий кенінің Корея үшін баламалы көзі биыл Қазақстанның шығысынан табылды. KIGAM атты компания 1 жарым шаршы км аумақтан барланған металл құнын 15,7 млрд долларға бағалаған. Корей инвесторы енді сол аумақты сатып алып, ресурсты игеруге бейіл.

Құрманғали Дәркенов, Аймақтанушы, Л.Гумилев ат. ЕҰУ Профессоры:

Бізде литий өндіру жолға қойылады деген көзқарас бар. Бұл жаңадан жұмыс орындарының ашылуын және әлемдік рынокта литийге деген сұранысты арттырады.

Сондықтан Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль Қазақстанға мемлекеттік сапарында литий кенін өндіруге уағдаласуды көздеп келгені де анық. Мақсаты меморандум болып бекіді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы:

«Тау-кен Самұрық» еншілес компаниямыз KIGAM, SK Ecoplant компанияларымен келісімге қол қойды. Сол келісімге сәйкес литий кен орнын дамытатын боламыз. Кәріс тарабы барлау жұмыстарына ақша құяды, сосын барлау нәтижелерінен кейін нақты инвестициялық құнын қарастырамыз.

Бұл литий кенін Ресей де игергісі келген. ЕуроОдақ та Қазақстанның қойнауындағы сирек металдарға көз тігіп жүр. Германия мен Франция президенттері біздің елде маңызды қазба байлықтарын өндіруге ынта танытып кеткен. Бірақ ресми Астананың таңдауы Оңтүстік Кореяға түсіп отыр.

Сырым Парпиев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ «Questioning regional affairs» ғылыми-сараптамалық және зерттеу орталығының сарапшысы:

Еуропаның Қазақстандағы стратегиялық маңызды ресурстарға атсалысуы, дамытуға әрекет етуі айналып келгенде Ресейдің болмаса Қытайдың геосаяси мүдделеріне қарама-қайшы. Сол сияқты Ресейдің араласуы Еуропа тарапынан, Қытай тарапынан тағы да геосаяси әрекет ретінде саналады. Қытайдың араласуы да дәл сондай. Осы тұрғыдан Оңт.Кореяның келуі бұл геосаяси ойынды кішкене болса да арқаға ысырады. Оңт.Корея нейтралды, Қазақстанға геосаяси амбициясы жоқ, географиялық тұрғыдан шалғай мемлекет.

Оңтүстік Корея серіктестеріне өктемдік танытпайтынын тағы бір сарапшы растап отыр.

Құрманғали Дәркенов, Аймақтанушы, Л.Гумилев ат. ЕҰУ Профессоры:

Кореяның тарапынан әлемнің қандай елімен сауда-экономикалық байланыс орнатса да ондай экономикалық агрессия немесе экономикалық экспансия бағыты байқалмайды. Тепе-тең қарым-қатынас бағытын ұстанады.

Содан болар, Корея Қазақстанның ең ірі бес инвесторының бірі саналады. Былтырға дейін 9,6 млрд доллар инвестиция тартылыпты. Ал корей капиталы бар 700-ден астам компания жұмыс істейді. Бұл ел сыртқы сауда айналымы бойынша да бестікке кіреді. Екі жақты алыс-беріс көлемі 6 млрд долларға жеткен. Импорт ішінде автомобиль мен оған қажет бөлшектердің үлесі көп. Бұл салада жаңа келісімдер де бар.

Бекнұр Несіпбаев, «Astana Motors» компаниясының бас директоры:

Біріншіден, Hyundai автокөліктеріне орындықтарды жинау, екінші, сол Оңтүстік Кореялық компаниясымен бірге мультимедиалық системаларын құрастыру, үшіншіден, пластик және полиэтилен қосымша бөлектерді шығару.

Оның үстіне ендігі жылдан бастап Hyundai Қазақстанда SantaFe және Porter деген жаңа модельдерді шығаруды қолға алмақ. Ал КІА көлік компаниясы алғаш рет отанынан тысқары жерде 200 млн долларға зауыт салып жатыр.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

КІА зауытының құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылы оны ашатын боламыз.

Қазақстанда Корея маркасымен теледидар, кір жуғыш машина шығарылуы да мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Біз мұндай бастаманы барынша қолдаймыз.

Ал Қызылорда облысында қоқыс пен қалдықты кәдеге жарататын зауыт салынады. Жоба ендігі жылдың соңында іске қосылып қалуы мүмкін. Инвесторлар 36 млн доллар бөлмек.

Ардақ Зебешев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

Бізде жылда 500 мың тонна қатты-тұрмыстық қалдықтар жиналады. Соны сұрыптап, қайтып өңдеп, одан дұрыс, қажет өнім шығару.

Тағы бір компания Түркістанның Сайрам ауданында 1 жарым млрд долларға қуаты 1ГВт болатын электр станциясын салып бермек. Жоба құрылысы биыл басталса, екі жылдан кейін қолданысқа берілуге тиіс.

Құрманғали Дәркенов, Аймақтанушы, Л.Гумилев ат. ЕҰУ профессоры:

Doosan Group бізге қызығушылық танытып отыр. Ол әлемдік рынокта АЭС салады, ЖЭС салады, турбиналарды әлемдік рынокқа шығарады. Яғни бұл әлемдегі өте танымал группаның бірі.

Ал қаржы нарығы жаңа корей банкімен толығады. BNK Financial Group Қазақстанда 3 жыл бұрын ашқан микроқаржы ұйымын екінші деңгейлі қаржы институтына айналдырмақ.Мұндай тәжірибе бізде бұрын болмаған.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

20 млрд тг астам активтері бар. Енді банкке трансформация жасайды. Олардың жоспары бойынша осы активтерді 20 млрд-тан 680 млрд тг аса жеткізу.

Алдына үлкен мақсат қойып отырған шетелдік банк негізінен корпоративтік секторға, шағын және орта бизнеске несие берумен айналыспақ. Нарықтағы 22-ші банк жыл соңына қарай ашылады деп сендірді жауаптылар.

Тимур Сүлейменов, Ұлттық банк төрағасы:

Қазіргі тиісті жол картасын әзірлеп, соны орындай деп жатыр. Сондықтан жылдың аяғына екінші деңгейлі банкке айналатынына сенімдіміз.

Бірқатар келісім – ғылым және білім саласына қатысты. Кореяның KAIST атты технологиялар институты Алматы өңірінде магистранттар мен докторанттарға арналған зерттеу университетін құруы мүмкін. Ал Woosong университеті келесі жылы Түркістаннан филиалын ашпақ.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Компьютерлік инженерия, бағдарлама жасау, киберқауіпсіздік саласында. +06,22 Сол Вусонг университетінің қазақстандық филиалының түлектері тікелей Кореяға барып, жұмыс істеуге мүмкіндіктері болады.

Корея президентінің сапары аясында 11 үкіметаралық және 23 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Сол келісімдер корей тарапы жариялаған жаңа мега-жобаның бастауы тәрізді.

Юн Сок Ёль, Корея Республикасының Президенті:

Осы сапар алдында Үкімет Кореяның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы туралы K-Silk Road бастамасын жариялады. Бұл – Кореяның осы аймаққа қатысты алғашқы дипломатиялық стратегиясы.

Құрманғали Дәркенов, Аймақтанушы, Л.Гумилев ат. ЕҰУ профессоры:

K-Silk Road – Кореяда өндіріс саласы шапшаң дамыған және қарқын алғаны сондай оларда шикізатқа деген сұраныс өте жоғары, сондықтан бұл шикізатпен байланысты және олар өздері өндірген өнімдерін сыртқы нарыққа шығарғысы келеді.

Сырым Парпиев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ «Questioning regional affairs» ғылыми-сараптамалық және зерттеу орталығының сарапшысы:

Бұл жерде K деген Корея, Silk деген түсінікті, Road деген тек қана жол емес, ол аббревиатура. Ресурс; дамыту мақсатындағы ресми көмек; Қазақстандағы корей диаспорасының рөлін арттыру және төртінші d дегеніміз осы процестерді қадағалайтын және тиімді түрде жүзеге асыратын институционалды құрылымдарды құру деген мағынаға ие.

Әдеттегі экономикасы дамыған ел сияқты Корея да ресурс қуып келгені түсінікті. Ал бізге олардан, әдеттегідей, инвестициямен бірге келетін технология мен кәсіби машық керек. Әсіресе, осы Корея сияқты саяси-экономикалық экспансияны ойламайтын елден.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу