Биыл «Невада-Семей» қозғалысына 35 жыл. Еліміздің ядролық қарусыздану ісіндегі нақты қадамы жаһанға үлгі. Сол антиядролық қозғалыс кезінде түсірілген тың суреттер америкалық зерттеушінің жеке архивінен табылды. Бұл құнды суреттерді белгілі АҚШ тарихшысы Сара Кэмерон қазақстандық мұрағатқа тапсырмақ.
«Невада-Семей» қозғалысына қатысты тың суреттерді Сара Кэмеронның студенті тапқан. Эмили Ирвайн ядролық саланы зерттеу барысында тоқсаныншы жылы Алматыдағы шеруге қатысып, суретке түсірген америкалықты тауып алады. Бұл суреттер сол кездегі антиядролық қозғалыстың қаншалықты ауғымды болғанын көрсетеді. Қазақ даласындағы ядролық сынақтардың жантүршігерлік зардаптарымен танысып, мұңайдым дейді Эмили.
Эмили Ирвайн, ғылыми қызметкер:
Ядролық тарихты зерттегендіктен үшін Қазақстандағы антиядролық қозғалыс неліктен НевадаСемей деп аталғанын білгім келді. Іздене келе бірінші Невадада әлемдегі ең үлкен полигон, ал екінші сондай сынақ алаңы Қазақстанда болғанын түсіндім. Мен Невадада туып-өстім және сол жерде 18 жыл тұрдым. Невада жүз шақырымдай қашықтықта орналасқан. Бірақ, таң қалағаным біз ядролық сынақтар туралы көп оқымадық, білмей өстік. Оның жанында Қазақстандағы қозғалыс сәтті болды, аймақтық, ұлттық ауқымнан шығып, жаһандық сипат алды.
Эмилидің айтуынша, үлкен сынақ алаңдарына әлемнің назарын аудару үшін екі елдің белсенділері тығыз байланыста болған. Америкалықтар бірнеше рет Қазақстанға барған. Америкадағы ядролық сынақтарға қарсы қозғалыстың белді мүшесі болған Ритер Затулян есімді азамат Алматы сапары кезінде тарихи суреттерді түсіріп алған.
Эмили Ирвайн, ғылыми қызметкер:
Тарихшылар үшін бұл таптырмас құнды деректер. Осылайша тарихтың жаңа парақтары ашылады. Ондай құнды суреттер жертөледе жатпауы керек. Мен оған суреттерді қазақ еліне беру туралы ойымды айтып едім ол бірден келісті. Содан кейін Қазақстанға талай мәрте тарихи зерттеулермен барған профессорым Сара Кэмеронмен ақылдасып, маңызды оқиғаның суреттерін қазақ еліне қайтаруға бел будық.
Сара Кэмерон, тарихшы:
Американдықтардың көбі Чернобыль туралы білуі мүмкін, бірақ, өкінішке орай, олар Қазақстанда болған оқиға туралы аз естіген. Осындай деректер арқылы ендігі ұрпақ екі елді байланыстырған тарихи оқиғаны жаңаша қырынан танитын болады.
Бұған дейін де қазақ даласындағы ашаршылық қасіретін зерттеп, ғылыми еңбек жазған профессор Сара Кэмерон енді бұл суреттерді Қазақстанға апарып мемлекеттік архивке өткізеді. Осылайша 35 жыл өткен соң ел тарихындағы ең үлкен қозғалыстың фото шежіресі Қазақстанға оралмақ.
Жалғас Сәдібекұлы