«Таза Қазақстан» акциясы жыл соңына дейін жалғасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза Қазақстан» акциясы жыл соңына дейін жалғасады

13.06.2024

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде бұл шараға ерікті жастар мен белсенді студенттер ғана емес түрлі мекеме қызметкерлері мен ғалымдар да атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Бұл - Қарағанды облысы Ботақара кенті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық квест өтті. Қоқыс жинап жарысқан жастар интелектуалды сұрақтарға жауап беріп, өзара мықтыны анықтады. Мамандар дәл осындай тазалық акциясы экологиялық бастамалардың алғашқы қадамы дейді. Себебі, Қарағанды облысында жиналған қоқыстың 56 пайызы қайта өңделеді екен.
Дархан Исжанов,  Облыстық экология департаментінің басшысы:
«Таза Қазақстан» акциясы екі мәселені көздеп отыр. Біріншіден, тазарту. Екіншіден экологиялық мәдениетті тарату. Екінің бірі біледі экологиялық талаптарды, халық та біледі. Бірақ әдеп жоқ. Тазалап қана қоймай келесі де алдын алу мәселесін жүйелі түрде іске асыру керек. Ол мүмкін штрафты көбейту. Мүмкін мектептерде сабақ енгізу.
Жалпыұлттық экологиялық акцияға елордалық ұстаздар мен ғалымдар да атсалысты. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің 400-ге жуық қызметкері Астана маңындағы алаңдарды қоқыстан тазартты. Бұл науқанға студенттер, мәслихат депутаттары мен еріктілер де қатысты.
Марал Есекешова, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:
Қанша пакеттерді тастап жатырмыз. Қазір жинап жатырмыз, өздеріңіз көріп отысыздар ғой. Пакеттің өзінің қандай зияны бар. Әрине, біздің қаламызды таза ұстауымыз керек. Өйткені өздеріңіз білесіздер, Астана қаласы болғаннан кейін қанша шетелден ғалымдар келеді, қонақтар келді. Сондықтан да бүгін біз, университететің мұғалімдері болып, әріптестер болып бүгін міне «Таза Қазақстан» акциясына шығып отырмыз.
Ал Қостанайда Тобыл өзенінің жағалауынан 40 тонна қоқыс шығарылды. Көктемгі су тасқынымен келген қоқыстарды тазалауға қаладағы мекеме, кәсіпорын ұжымдары жұмылды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аптаның әр бейсенбісінде бұл жерге құрал саймандарын алып, жүзге тарта адам келеді.
Сейітбек Қуанышбаев, облыстық мәслихат депутаты:
Мынау өзі қаланың көптеген адамдары барлықтары келетін демалыс аймағы. Сонымен қоса осы жерге шомылуға келеді. Мінеки, бүкіл өздеріңіз көріп отырсыздар, кешегі су тасқынынан кейін мына жердің бейнесі өте нашар еді. Қазір енді бірқалыпқа келтірілді. Бұл жұмыс жалғасын табады.
Алматыда да «Таза Бейсенбі» науқаны жалғасып жатыр. Бүгін қала тұрғындары мен табиғат жанашырлары әуежай маңындағы кіші Алматы тоғанынан қап-қап қоқыс шығарып, айналасын түгел тазалап шықты. Шараға партия мүшелері мен «Жастар рухы» белсенділері де атсалысты.
Серікболсын Сарыбаев, «Amanat» партиясы Түрксіб аудандық филиалының төрағасы:
Бүгінгі іс-шара барысында әуежай көлінің маңын тазалап, 50 қап мөлшеріндегі қоқыс тазаладық. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастыратын боламыз. Жалпы бүкіл қазақстандықтарды, азаматтарды, қала, аудан тұрғындарын осындай іс-шараға қатысуға шақырамыз.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы жыл соңына дейін жалғасады. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтіп тұрады.

Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу