Жол жиегін тазалаған жастар Жамбыл облысына жетті. Еліміздің еріктілері үш күн бұрын «Таза Қазақстан» Road-эстафетасын бастаған болатын. Экологиялық акция аясында 1 200 шақырымға созылған республикалық автожолдың бойы тазалануы тиіс.
Ерекше эстефата алдымен Ақмола облысынан бастау алды. Артынша қарағандылықтар қабыл алып, жамбылдықтарға жолдады. Жастар Мойынқұм ауданындағы 224 шақырым тас жолды тазартпақ. Бүгінге дейін «Amanat» партиясының белсенділері бастаған топ 600 шақырымды артта қалдырды. Олар үш күннің ішінде 50 тоннадан астам қоқыс жинаған. Ал жиналған қалдықтар сұрыптауға жіберілмек. Ары қарай эстафета кезегін Алматы облысының жастары қабылдайды. Бір аптаға жалғасатын шараға 2000 ерікті қатысады деп жоспарланған.
Арайлым Қыздашова, ерікті:
Көңіл-күйіміз өте жақсы, жастар белсене қатысуда. Осы жолдан өткен азамат, азаматшаларымызға айтарымыз қоқыстарды барынша жинап, тазалықты сақтап жүрсе, себебі тазалық өзімізден басталады.
Ақерке Ескендірова, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
Бір апта бойы біз тек жолды ғана тазаламай, аудандарға кіріп, тұрғындармен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша кездесулер өткізіп, түрлі байқаулар өткізіп, сонымен қатар біздің партияның депутаттары тұрғындарды қабылдауларды өткізіп жатыр.
Данияр Әлімқұл