Ресейдің Түмен облысында 40 мыңға жуық қазақ тұрады. Қандастарымыздың тарапынан соңғы жылдары ана тілін үйренуге құлшыныс артқан. Алайда қазақ тілінен сабақ беретін маман тапшы. Қандастар бұл мәселе шешілсе, тілді жетік меңгергендердің саны артар еді деп отыр.
Ұлттық сана, қазақы қалпымыздан ауытқымау маңызды дейді сырттағы қандастар. Бүгінгі күні қазақ тілі орта білім беретін мектептерде факультатив емес, міндетті пән ретінде оқытылуы мүмкін. Ол үшін ата-аналардың тарапынан талап болуы тиіс. Сондай-ақ қазақ тілі үйірмелеріне сұраныс артқан. Алайда бүгінгі күні қазақ тілін жетік білетін маман тапшы.
Хәлел Омаров, Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілі:
«Арамызда қазақ тілінен ұстаз болатын кісі аз. Ана жерден, мына жерден, Қазақстанға оқуға жіберіп, солар оқытып жатыр қазір. Әр ауданда мұғалімдеріміз бар. Бірақ бір-бірден, бір-бірден ғана.»
Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілдерінің айтуынша, қиырдағы қандастар салт-дәстүрді дәріптеп, барлық ұлттық мерекелерді өткізуге атсалысады.
Асқар Үбітайұлы, Түмен қаласының тұрғыны:
«Осыдан бес-он жыл бұрынғымен қазіргі кезді салыстыратын болсақ, қазіргі кезде қатарымызға келіп жатқан жастар, 10-15 бала ғана болатын. Қазіргі кезде 100-ден аса баламыз бар. Олар биімізге, домбырамызға келіп, дайындалады. Жастарымыздың көбі патриот деуге болады, өзіміздің тілге, дәстүрге ниеттерімен келеді.»
Мемлекеттік стандартқа сай келетін оқулықтың жоқтығы осы күнге дейін қазақ тілін мектептерде үйретуге қолбайлау болып келді. Енді оқулық шығарылды. Тіл үйренуге түрлі мүмкіндіктер қарастырылып отыр.
Индира Бегайдар