«Қазақ Елі» анимациялық фильмі Испанияда көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақ Елі» анимациялық фильмі Испанияда көрсетіледі

04.11.2016
«Қазақ Елі» анимациялық фильмі Испанияда көрсетіледі

«Қазақ елі» атты еліміздің мультипликациясы тарихындағы тұңғыш тарихи толықметражды анимациялық фильмі қарашаның 4-і мен 13-і аралығында Испаниядағы Барселона қаласында өтетін Азия фильмдері кинофестивалінің  негізгі байқауына іріктеліп алынды, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайты.

Анимациялық кинотуындының халықаралық кинофестивальдерде көрсетіліп, кеңінен насихатталу жұмыстарын Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жүзеге асырады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «САҚ-дала» ЖШС түсірген «Қазақ елі» анимациялық фильмі Жәнібек пен Керейдің балалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды. Мультфильмде  шетсіз-шексіз қазақ даласы,  заңғар таулар және Ұлы Жібек жолындағы Сығанақ, Отырар, Тараз  және Түркістан секілді  ежелгі қалалар бейнеленген.

«Фильм халықаралық аренада — сонау Испанияда көрсетілетініне қуаныштымын. Бұл мультфильмді біз ең біріншіден балаларға арнап жасадық. Туындыда тәуелсіздік үшін күрес жолында қазақ елінің басы қалай біріккендігі туралы әңгімеленеді. Сондықтан, испандық көрермендер де еліміздің бай тарихымен танысатын болады», - деді фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков.

Аталмыш фестивальде 20 Азия елдерінің 80-ге жуық фильмдері көрсетіледі. Отандық туындыдан басқа фестивальге Қытай, Корей, Иран, Филиппин, Сингапур, Ауғанстан, Жаңа Зеландия, Таиланд, Малайзия және  Вьетнам елдерінің фильмдері қатысады. Айта кететін жайт, фестиваль шеңберінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» және Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» тарихи туындылары, сонымен қатар Асқар Ұзабаевтың «Жол» драмасы мен Мұрат Маханның дебюттік «Сот орындаушысы» фильмі көрсетіледі.

Хабарламаларға жазылу