15 маусымнан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң күшіне енеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

15 маусымнан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң күшіне енеді

04.06.2024

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң 15 маусымнан бастап күшіне енеді. Енді отбасының берекесін алып, жұбайы мен бала-шағасына қол көтергендерге жаза қатаңдатылады. Ел ішінде ең көп талқыланған заңдағы өзгерген баптар қандай? Күш қолданғандар қандай жауапқа тартылады? Айя Мүтәлі негізгі баптарға тоқталды.

Айя Мүтәлі, тілші:
Президент тұрмыстағы зорлыққа қарсы заңға 15 сәуір күні қол қойды. Заң 60 күннен кейін күшіне енеді. Енді қазақстандықтар қызу талқылаған заңдағы әйел құқығына қатысты өзгерістерге тоқталсақ.
Құжатқа сәйкес, бұрын әкімшілік іс саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді Қылмыстық кодекспен қаралады. Ал іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері фото-видео айғақтар мен көрші, туыстарының сөзіне сүйеніп, тергеу жүргізе алады. Әрі тараптарға екінші рет татуласуға мүмкіндік берілмейді. Осылайша, денсаулыққа жеңіл зардап келтіргендер бұрын 55 мың теңге айыппұл төлеп, немесе 15 тәулікке қамалса, енді 738 мың теңге айыпппұл төлейді немесе 50 тәулікке қамалады. Жеңіл дене жарақатын алған жағдай үшін де жаза қатаңдатылды. Айыппұл мөлшері 36 мың теңгеден 295 мың теңгеге өсті. Ал қамауға алу мерзімі 10 тәуліктен 25 тәулікке ұзарды. Жәбірленушіні ұдайы ұрып-соғып, психологиялық қысым көрсеткендерге 369 мың теңге айыппұл немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады, шектеу жазасы қолданылады. Бұл норма бұған дейін де болған. Дегенмен, аса қатігездік танытқан жағдайлар қосымша дәлелденсе, агрессор 4 жылдан 7 жылға дейін сотталады. Егер жәбірленуші 21 күн ауруханада жатса, орташа ауыр жазаға тартылады. Яғни, бұрын 369 мың теңге айыппұл төлеп немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылды. Енді мұндай жағдайда 2 жылға дейін сотталады. Үйдегі балаларды да дәл осылай қорласа, 3 жылға қамалады. Ал зорлық-зомбылық көрген адам сөйлеу, көру, есту қабілетінен айырылса немесе еңбекке жарамсыз деп танылса, онда бұл іс денсаулыққа ауыр зиян келтірді бабына жатады. Мұндай жағдайда агрессор 3 жылдан 8 жылға дейін сотталады. Бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылмайды. Ал жәбірленушіге жеңіл, орташа не ауыр зиян келгенін сот-медициналық сараптама анықтайды. Бұдан бөлек, заң жобасында жанжал шығарған адамды тәртіпке салу тетіктері қамтылған. Ол бір айға отбасынан оқшауланады, жағдай ушықса 3 айдан 1 жылға дейін әйелі мен бала-шағасын көруге тыйым салынады. Бұл заң нормаларының бір бөлігі 15 маусымнан, қалғаны келесі жылдан бастап күшіне енеді.

 Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу