Қостанай облысында мыңдаған гектар астық алқабы көлге айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында мыңдаған гектар астық алқабы көлге айналды

28.05.2024

Қостанай облысында мыңдаған гектар астық алқабы көлге айналып, әлі құрғамай жатыр. Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан көктемгі егіс бір аптаға кеш басталды.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Аққу жүзген мынау айдын негізінен астық өсетін алқап. Биыл су көп түскендіктен көлге айналған. Әзір құрғамайды. Қостанай облысындағы тек Қарасу ауданында осындай 20 мың гектар алқапты әлі су басып жатыр.

Әдетте егіншілікке құрғақшылық жұт, жауын-шашын құт болушы еді. Былтырдан бері керсінше диқандар ылғалдың молдығынан шығынға батып отыр. Өткен күзде толассыз жаңбыр өнімнің сапасын түсіріп, өзіндік құнын өтемеді. Енді мамыр айы түгесілуге таяса да алқаптар құрғамай жатыр.

Серік Дәрібаев, шаруа:
5-6 мың гектар жеріміз су астында қалды. Биыл себе алмаймыз онда. Ол жерге себе алмағасын парға қалдырған жерге себебміз. Ал парға қалған жер жақсы болмайды.

Яғни, құнары қалпына келмеген, арамшөп басқан алқаптың өнімі аз болады. Логистика да қиындаған. Су басқан жолдарды айналып жүргесін керек-жарақты алқап басына тасымалдаудың шығыны көбейеді. Бұл өнімнің өзіндік құны өсуіне әкеп соғады.

Александр Ласкавый, агроном:
Біздің төрт алқабымыз суда тұр. Барлығы 400 гектардай. Жалпы егіс көлемі 8 жарым мың гектар болғандықтан бұл біз үшін аса көп емес. Дегенмен егісті кеш бастағандықтан арамшөп шығып кетті. Сондықтан дән сеппес бұрын өңдеу жұмысын жүргізіп, қосымша шығындалып жатырмыз.

Облыс бойынша биыл 5,1 млн гектар жерге дән себіледі. Ресми мәліметке сәйкес су басқан алқаптардың үлесі соның 1 пайызына да жетпейді. Сондықтан мамандар бұл алаңдарлық жағдай емес дейді. Айтуыларынша ағын су топырақтың құнарына да аса көп залал келтірмеген.

Кенжеқозы Жұмақанов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
Су жырамен ағады. Жыраларда ғана мүмкін топырақтың құнары азаюы. Су эрозиясы деп аталады. Ондай алқаптар көп емес.

Түрлі қаржы институттары арқылы дала жұмыстары үшін биыл диқандарға 50 млдр теңге көлемінде несие берілген. 80 мың тонна арзандатылған жанармай бөлініпті. Литрі 250 теңге. Осы уақытқа дейін 2,9 млн гектар жерге дән себілді. Бұл жалпы егістік көлемінің 57 пайызы.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу