Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жаңа оқу жылына дейін баспаналы болуы керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Ал шығынды есептеу жұмыстарын өңір әкімдері осы апта соңына дейін аяқтауы тиіс. Премьер-министр тағы қандай тапсырмалар берді? Үкімет отырысына қатысқан Айя Мүтәлінің материалында.
Тасқынның қаупі сейілгенімен, Үкімет комиссиясы шығынды есептеп біткен жоқ. Әзірге су басқан 12 мыңнан астам баспананың 84 пайызы ғана техникалық тексерістен өткен. Мүлікке келген залалды бақылау жұмыстарының созылып кеткенін Үкімет басшысы да сынады. Әсіресе, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының есебі түгел емес.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:Сондықтан әкімдіктерге Өнеркәсіп министрлігімен бірге тұрғындардың баспаналары мен мүліктеріне келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырамын.
Ал комиссия тексеріп үлгерген үйлердің 9 мыңнан астамы жөндеуге мұқтаж. 4 жарымы енді мүлде тұруға жарамсыз. Олар апатты деп танылды. Кей аймақтарда жаңа үйлердің құрылысы басталып та кеткен. Қазір әр өңірде 1 800-ден баспана салынып жатыр. Бұдан бөлек, қираған үйлердің орнына 3 жарым мыңға жуық пәтер сатып алу жоспарланған.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:Өңір әкімдері құрылыс жұмыстарын кешіктірмеуге баса назар аударуы керек. Жаңа оқу жылына дейін тасқын судан зардап шеккен тұрғындар баспаналы болуы қажет.
Су басқан үйлердің бәріне бір өтемақы бекітілмейді. Төлем мөлшері әр өңірдегі нарықтық бағамен есептеліп жатыр.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:Бізде нақты тұрғын үй беру тетіктері қарастырылған. Егер үйді су басса, бірақ оны жөндеуге болатын болса, онда мемлекет жөндеуге қаражат бөледі. Егер тұрғын үйді қалпына келтіру мүмкін болмаса, біз жаңасын салып береміз.
Айя Мүтәлі, тілші:Ал жаңа тұрғын үйлердің қайда және қалай салынып жатқанын Egov қосымшасы арқылы онлайн көруге болады. Бұдан бөлек, тасқыннан зардап шеккендерге бірреттік көмек те беріліп жатыр. 30 мың отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем алған.
Айя Мүтәлі