Елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бірреттік науқан емес. Бүгін қалалық сенбілікке қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Мемлекет басшысы қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау маңызды екенін атап өтті. Биыл Астанада 1 миллионнан аса жасыл желек отырғызылады.
Таңмен таласып, күннің ыстығына да, суығына да шыдап, қаланы тазалалайтын жандарға Президент ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысымен жүздесіп жатқан жандар елорданың коммуналдық шаруашылық мекемелерінің қызметкерлері.
Мемлекет басшысы бұл ағашты елордадағы «Ұлытау» аллеясында отырғызды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Туған жерімізді таза ұстау күнделікті өмір салтына айналуы қажет», - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет.
Сенбілік барысында Президентпен әңгімелескен жастар да елімізді таза ұстауға, айналаны көгалдандыруға бір кісідей атсалысатындарын жеткізді.
Асылхан Төлепов, актер:
Біз жастар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдаймыз. Бүгінгі шара халықтың ыстық ықыласымен, белсенділігін туғызды.
Президент еліміздің әр бір затына жанашырлықпен қарауға шақырды. Осы тұрғыда алдындағыны бүлдіріп, сындырып, жүретін вандалдармен күрес қатаң жүргізілетінін ескертті. Себебі, заң да, тәртіп те бәріне ортақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Әйтпесе, бәрін бүлдіріп алып, кейіннен кешірім сұрайды. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет
Президентке Астана қаласын абаттандыру және көгалдандыру жоспары таныстырылды. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл 1 миллионнан аса жасыл желек отырғызу жоспарланған. Былтыр елорданы көгалдандыру жарғысы қабылданған. Аталған құжатқа сәйкес егілген жасыл желекті 3 жылға дейін күтіп-баптау міндеті жүктелген. Сондай-ақ, Астанада үлкен ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызуға басымдық берілген.
Самал Қабышева