Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен булингтен зардап шеккендерге көмек көрсететін 111 сенім телефонының іске қосылғанына жарты жыл өтті. Орталыққа осы күнге дейін 10 мыңнан астам адам жүгінген. Оларға құқықтық, психологиялық әрі консультациялық көмек көрсетілді.
Айя Мүтәлі, Тілші:
Біз қазір 111 жедел қызметінің байланыс орталығындамыз. Бұл сенім телефонына зорлық-зомбылық пен булингтен зардап шеккендер хабарласып, көмек сұрай алады. Операторлар, көріп тұрғандарыңыздай, қазір де жұмыс істеп жатыр. Оларға кедергі келтірмес үшін, ақырын сөйлеуге мәжбүрмін. КСМ: Жалпы мұнда жұмыс 24 сағат бойы жалғасады. Қоңырау шалу тегін. Өтініштер анонимді түрде де қабылдана береді.
Сенім телефонына күніне 200-ден астам қоңырау түседі. Оның ішінде білім беру мекемелері мен аурухана қызметкерлеріне шағымданатындар бар. Әсіресе, өз-өзіне қол жұмсамақ болғандар мен күйеуінің тепкісіне шыдамағандар жиі хабарласады. Көмек сұрайтындардың 80 пайызы - 30-44 жас аралығындағы әйелдер екен. Операторлар әр қоңырауға кейде сағаттап жауап береміз дейді.
Арайлым Айтжанова, желі операторы:
10-15 жылдың ішінен зорлық-зомбылық көрген күйеуінен. Күйеуі өте қатты ұрған екен. Бірінші хабарласқан кезде тығылып звондады күйеуінен. Күйеуі долы адам екен. Ішімдікке жақын. Сосын қайттан хабарласып, адресін берді бізге. Сосын ақырындап полицияны шақырдық. Ол кісімен біз қаншама уақыт жұмыс істедік. психологиялық, заңгерлерді шақыртып. Бірнеше уақыт өткеннен кейін менің өмірім өте қатты өзгеріп кетті деп бізге рақметін айтып хабарласқан.
Желі операторлары арыз-шағымды жазбаша түрде де қабылдайды. Ол үшін арнайы сайтқа кіріп сауалнама толтыру қажет. Ал 111 нөмірі іске қосылғалы 10 мыңнан астам адам түрлі психологиялық көмек алған.
Мадина Жүнісова, 111 байланыс орталығының бөлім басшысының орынбасары:
Көбіне осы елорда Астана қаласынан 5 айдың ішінде 2 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Екінші орында Алматы қаласы 1600-дей. Үшінші орында Түркістан облысы. Осы өңірден мың жүздей қоңырау келіп түсті.
Колл-орталықта кез келген адам жұмыс істей алмайды. Қоңырауға жауап беретін операторлар психолог немесе заңгер болуы шарт. Еңбек өтілі де маңызды. Қазір 20 адам ауысыммен жұмыс істеп жатыр.