Сыр өңірінде «Таза қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде «Таза қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқаны басталды

09.04.2024

Сыр өңірінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең ауқымда тазалық айлығы басталды. Игі бастамаға коммуналдық мекеме жұмысшыларынан бөлек ерікті жастар, кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар да атсалысуда.

Қаладағы тазалық мекемесінен 75 арнайы техника мен 200-ден аса жұмысшы көшелер мен аялдамаларды жуып, арық жүйелерін қоқыстан тазартып жатыр. Сондай-ақ, саябақтар мен ойын алаңдарында әрлеу, сырлау жұмыстары қоса жүргізілуде. Биыл шаһарды көркейту, көгалдандыруға айрықша ден қойылып, бұл жұмыстарды үйлестіретін «Жасыл Қызылорда» мекемесі ашылды.

Серік Қожаниязов, Қызылорда қаласының әкімі:

Наурыздың басынан бастап 8 мыңға жуық түрлі талдар егілді. Жалпы қалада 12 канал бар. Сол каналдардың қазір бәріне су барды. Қалада 400 км-ге жуық арық жүйелері бар. Кей жерде қыста бітеліп қалған. Соның көзін ашып, тазалық жұмыстарын қолға алудамыз.

Осы науқанда қала аумағында өңірге жер сіңген талдардан 35 мың көшет егілмек. Мұнан бөлек, аулаларды абаттандыру, ескі көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жаңалау жұмыстары жүріп жатыр. Оған жеке кәсіпкерлер демеушілік етіп, қаланы көркейтуге үлес қосуда. Жалпы тұрғындар арасында бүгінде тазалық мәдениеті қалыптасып, көпшілік тазалық акциясына белсенді атсалысуда.

Шынар Медеубаева, қала тұрғыны:

Қаламыз таза. Барлық ойын-сауық ашылған. Менің немерем мектептен шығып, қоқысты жерге тастамай қоқыс жәшігіне тастайды. Тазалықты өзіміз айтып жүреміз. Қала таза болғаннан кейін қала тазалығын сақтап жүріңдер деп.

«Таза Қазақстан - таза аймақ» экологиялық акциясы мамыр айының ортасына дейін созылады. Науқан облыс орталығында ғана емес, өңірдің барлық елдімекендерінде кең көлемде жүргізілетін болады.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу