Жуырда көреременге Ұлтттық арна арқылы жол тартатын «Ұлы дала баласы» реалити-шоуының шығармашылық тобы Қарағандыға келді. 23 маусым күні кеншілер шаһарындағы С.Сәпиев атындағы бокс орталығында жобаның алғашқы түсірілімі өтетінін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.
Түсірілім алдында қатысушылар өндірсті өңірдегі бірқатар мекемелер мен кәсіпорындарға барды.
Олардың қатарында Теміртаудағы Тұңғыш Президент мұражайы, Елбасының еңбек жолы басталған «Арселор Миттал» өндіріс ошағы, «Қарағанды нан» кәсіпорны және Қарқаралы қаласындағы «Нұрсая» этноауылы бар. Шығармашылық топ қойнауы кең, тарихы терең өлкенің тыныс-тіршілігіне ерекше серпін беріп отырған осынау сәулетті орындар мен маңызды нысандарды аралап, бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанықты.
Елбасының Ұлт жоспары мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды насихаттау және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қолға алынған тележоба қатысушылары алдағы уақытта осылайша, еліміздің тағы да 8 қаласын араламақ.
Қарағандыда өтетін алғашқы кеш тізгінін белгілі журналист Дана Нұржігіт ұстайды. Кеншілер шаһараның тұрғындары алдында басты кейіпкер Төреғали Төреәлімен қатар, сахна жұлдыздары «Кешью» тобы, Ақылбек Жеменей және Серікбол Сайлаубек өнер көрсетеді.
Кештің басталуы: сағат 18:00-де.
Жаңа реалити-шоу Ұлттық арна эфирінен 11 шілдеден бастап көрсетіле бастайды.