Басты Жаңалықтар Елімде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын – Мемлекет басшысы

Елімде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын – Мемлекет басшысы

Елімде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын – Мемлекет басшысы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Журналистер Украинадағы қақтығысты уақытша тоқтату мәселесін көтерді. Олар Президенттің Омбыдағы форумда айтқан бұрынғы пікірін еске салып, қазіргі жағдайды қалай бағалайтынын және бүгін Владимир Путинге не айтар еді деген сұрақ қойды.
Мемлекет басшысы өз ұстанымын былай түсіндірді:
Президент Путинге осы мәселеге қатысты жеке ұстанымыма түсіністікпен қарағаны үшін ризамын. Өйткені біз, мемлекет басшылары, соның ішінде Ресей Президенті де Украина аумағындағы әскери қимылдардың тоқтағанын қалаймыз.
Менің Президент Путинмен қарым-қатынасым өте жақсы. Оны көрнекті мемлекет қайраткері деп санаймын. Бүгін мен Путиннің мемлекет қайраткері әрі Ресей басшысы ретінде Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін де, Еуропа мен бүкіл әлем үшін де ең қолайлы саяси тұлға екенін нық сеніммен айттым. Бұл сіздерге оғаш естілуі мүмкін. Мен оны жақсы білемін. Оның тарихы күрделі, стратегиялық мақсаттары жөнінде өзіндік түсінігі бар ірі мемлекетті басқаруға қажет қасиеттері бар.
Әрине, Украинада болып жатқан жағдай бәрімізді алаңдатады. Мен әуел бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаларын ұстанатынын айттым. Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығын құрметтеу және сақтау қажет деп есептейміз. Сондай-ақ украин халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, әрине, украин тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бастан бері айтып келеміз.
Мен соғысты дәл қазір тоқтату керек деген жоқпын. Қазіргі жағдайда мұның іске асуы қиын екенін түсінемін. Мен дипломатиялық немесе өзге де келіссөздерге көшу үшін Украина аумағындағы әскери қимылдарды уақытша тоқтату туралы айтып отырмын. Біздің ұстанымымыз осы.
Украина аумағында қандай жағдай болмасын, Ресей де, Украина да біздің жақсы достарымыз екенін әрдайым есте ұстаймыз. Ресейге келсек, Қазақстан мен Ресейдің ортақ шекарасы 7597 шақырымға созылып жатқанын ұмытпау керек. Бұл — әлемдегі ең ұзын шекара. Мұның өзі осы елмен достық қарым-қатынасты дамытудың маңызды факторы емес пе?
Қазақстанда ұлты орыс 2,7 миллион азаматымыз тұрады. Елімізде православие шіркеуі де кеңінен өкілдік етеді, біз оған зор құрметпен қараймыз. Сондықтан осының бәрін ескеру керек. Асығыс шешім қабылдауға болмайды.
Қазақстанға бейбітшілік пен тұрақтылық қажет. Онсыз біз ешқашан табысты ел бола алмаймыз. Қазір даму жолында елеулі жетістіктерге жетіп келеміз, мұны көрсеткіштер де айқын дәлелдейді. Сондықтан Президент ретінде елімдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстанға жақын өңірдегі соғысты тоқтатып, бейбітшілікке қол жеткізуге шамам келгенше үлес қосуға бар күшімді саламын.
2026 жылғы 28 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Федералдық президент Франк-Вальтер Штайнмайердің шақыруымен Германияға ресми сапармен барды.

Бөлісу