Басты Жаңалықтар Тау туризмі: «Oi-Qaragai» курорты кеңейіп жатыр

Тау туризмі: «Oi-Qaragai» курорты кеңейіп жатыр

Алматының таулы аймағында туризм инфрақұрылымы қарқын алып келеді. Соның бірі – «Oi-Qaragai» тау курорты. Мұнда инженерлік желілер жаңғыртылып, жаңа туристік нысандар кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы және Үкіметтің Кешенді жоспары аясында жүзеге асты. Тау курортында тағы қандай өзгерістер бар?

Жазира Оразқызы, тілші:

Алматының әсем де асқақ тауларының баурайында орналасқан «Oi-Qaragai» курорты туристер үшін тартымды бағыттың біріне айналып келеді. Демалыс орнына жыл бойы 800 мыңға жуық адам келіп-кетеді. Мұнда жаңа аспалы жолдар іске қосылып, тау шаңғысы трассалы кеңейтіліп жатыр. Туристік әлеуетті арттыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды.

5,5 гектардан астам аумақты алып жатқан демалыс орны қылқан жапырақты орманы, таза ауасы, әсем табиғаты мен жаяу серуендеуге арналған жайлы соқпақтарымен ерекшеленеді.

Курорттың инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға 83 млрд теңгеден аса жеке инвестиция тарту көзделген. Қазір оның 52 млрд теңгесі игерілді. Құны 325 млн теңгеге ұзындығы 5,9 шақырым газ құбыры салынып, 4,2 шақырым тау шаңғысы трассасы пайдалануға берілді.

Максим Козлов, «Oi-Qaragai» тау курорты PR бөлімінің басшысы:

Бүгін үшінші аспалы жолды сынақтан өткізуді бастадық. Әлі бірнеше тексерістен өткіземіз. Жоспарға сәйкес, қыста іске қосылады. Мұндай аспалы жолдың әзірге әлемде баламасы жоқ. Сондықтан оның демалыс орны үшін маңызы зор.

Қазір тау курортында екі шақырымдық жасанды қар жүйесінің құрылысы аяқталды. «Ақтас» декоративті көлі мен көп деңгейлі автотұрақ салынып жатыр. Жылдам қарқынмен дамып жатқан  курортта заманауи қонақ үй мен мейрамхана кешені де бой көтерді.

Дарханшах Төлеген, облыстық Туризм басқармасының бөлім басшысы:

«Ой-Қарағайдың» кеңейту жұмыстары жеке инвестициялар есебінен кеңейтіледі. Ал мемлекет тарапынан 4,7 млрд теңгеге электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі. Республикалық бюджеттен қаржыландыруды күтудеміз.

Яғни, алдағы кезеңде жаңа инфрақұрылым нысандарын толық іске қосу көзделген. Жоспарланған жобалар жүзеге асса, 2028 жылға қарай демалыс орнында тағы 200 жұмыс орны ашылады. Осылайша тау бөктеріндегі курорт туристер үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынып, өңір экономикасының дамуына серпін бермек.

Бөлісу