Қазақстан Жаһандық инновациялар индексінде Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында ең жоғары өсім көрсетті
Қазақстан 2026 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде (GII) 8 сатыға көтеріліп, әлемнің 139 экономикасының арасында 73-орынға ие болды. Осылайша, инновациялық даму деңгейі ең жоғары әлемнің 80 экономикасының қатарына енді. Бұл – Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы ең жоғары өсім.
GII-2026 индексінің жаңа нәтижелері Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде таныстырылды. Биылғы индекс «Ғылымның алдыңғы шебіндегі кәсіпкерлерді қолдау» тақырыбына арналған. Зерттеуде ғылыми жаңалықтар мен озық технологияларды стартаптарға, технологиялық компанияларға және ауқымды шешімдерге айналдыру мәселелері қарастырылады.
Жаһандық инновациялар индексі – ДЗМҰ жыл сайын әзірлейтін рейтинг. Ол әлем елдерінің инновациялық қызметі мен әлеуетін бағалайды. Индекс ұлттық инновациялық жүйелерді салыстыруға, олардың күшті және әлсіз тұстарын анықтауға, сондай-ақ алынған деректерді инновациялар саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру үшін пайдалануға мүмкіндік береді.
GII-2026 рейтингінде Қазақстанның бірқатар көрсеткіштері жоғары нәтижелермен ерекшеленді. Атап айтқанда, пайдалы модельдер бойынша әлемде 7-орында, мемлекеттік онлайн-қызметтер бойынша 10-орында, еңбек өнімділігінің өсімі бойынша 20-орында, ұлттық толықметражды фильмдер бойынша 24-орында, жоғары технологиялық өнімдер экспорты бойынша 27-орында, капиталдың жалпы жинақталуы бойынша 31-орында, ал QS жетекші университеттер рейтингі бойынша 35-орында тұр.
Осылайша, бір жыл ішінде Қазақстан Жаһандық инновациялар индексінде сегіз
сатыға көтеріліп, айтарлықтай оң динамика көрсетті және Орталық Азиядағы
көшбасшылық позициясын сақтап қалды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы