Басты Жаңалықтар Непалда тасқын кезінде жоғалып кеткендер әлі табылған жоқ

Непалда тасқын кезінде жоғалып кеткендер әлі табылған жоқ

Өткен айдың соңында Непалда алапат су тасқыны болды. Қазір басты назар табиғи апат салдарын жоюға, жолдарды тазартуға және қираған инфрақұрылымды қалпына келтіруге бөлініп жатыр. БҰҰ болса, халықаралық қауымдастықты Непалға қосымша қаржылай көмек бөлуге үндеді.  

Непалда 1450 адамның өмірін қиған су тасқынының болғанына 1 ай уақыт өтті. Табиғи апат кезінде жоғалып кеткен 5 мыңнан астам адам әлі табылған жоқ. Ізім-ғайым кеткендердің арасында АҚШ, Канада, Британия, Австралия, Үндістан тәрізді 20-дан астам елдің азаматтары бар. Ал БҰҰ-ның мәліметіне сай, тасқыннан келген шығын көлемі Непалдың жалпы ішкі өнімінің 4-5 пайызын құрайды.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ-ның ресми өкілі:

Көлік, сауда, туризм салаларымен бірге 13 су электр станциясына қатысты жобаға айтарлықтай зақым келді. БҰҰ 64 мыңдай адамға көмектесті. Дегенмен мыңдаған адам әлі де үйсіз жүр. 2,2 млн тонна қоқыс тазартылған жоқ. Адамдар өз үйіне оралуы үшін жолдарды қалпына келтіру қажет.

Оқиға 26 тамыз күні таңертең Непал мен Тибет шекарасында болды. Гималай тауында мұздық құлап, өзенге топырақ пен тас төгіліп, төмендегі елді мекендерді нөпір су шайып өтті. Мұздықтың опырылуына жер сілкінісі себеп болуы мүмкін деген болжамдар айтылды. 

Өңірде ахуал қазір де күрделі. Осы аптада Непал мен көршілес Үндістанда муссон жаңбырынан кейін су тасқыны жүрді. Екі елде 70-ке жуық адам қаза тапқан. Непалдың ірі өзендерінде су деңгейі көтеріліп, билік тасқын мен лай көшкіні қаупі сейілмей отырғанын мәлімдеді.

Бөлісу