Әлемді мойындатқан қазақ әйелдері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемді мойындатқан қазақ әйелдері

07.03.2024

Әйелдер күні халықаралық мерекесі қарсаңында түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер жайлы қанша айтсақ та, аздық етпейді. Ендеше әлемнің түкпір-түкпірінде ғылым мен ІТ-саласында үлкен жобалар жасап, халықаралық жүйелер негізінде ілкімді ісімен көзге түскен әйелдерге тоқталайық. Жырақта жүріп іскерлігімен танылған жандармен Ақмаржан Ғафизқызы сұхбаттасты.

Алматылық Камила Мұстафина. Ол 2010-15 жылдары астанадағы Назарбаев Университетінде биология саласында білім алған. Оның ғылыми жобасы – сүт безі қатерлі ісігі немесе туберкулез сияқты ауруларды ерте сатысында анықтау. Жобасы табысты болып, ол ғылым жолына түсті. Кейін Жапонияда білімін жалғастырып, тәжірибесін жетілдірді. Қазір АҚШ-тағы Масачусетс технологиялық институтының биологиялық инженерия бөлімінің ғалымы.

Камила Мұстафина, Массачусетс технологиялық институтының ғалымы:

Бірінші жобам – ракқа қарсы терапия. Сол проектің идеясы – ол адамның иммунитетін ракқа қарсы пайдалану. Адамның иммунитетін қай клетка рактыкы, қай клетка жақсы екенін үйретеміз. Екінші проектіміз табиғатта сирек кездесетін жанураларға арналған вакцина жасамақшымыз. Бұл проектілер үлкен тәуекелді талап ететін жоба. Бұрын бұл туралы ешкім жасаған жоқ. 10 жыл ішінде сол жұмыстың жемісін көреміз.

Тараздың тумасы Назгүл Өмірова Австралияның Мельбурн қаласындағы халықаралық банкте бұлтты жүйе инженері. Бұл – интернет пен қосымшалардағы деректерді бір жерде қауіпсіз сақтау технологиясы. Бүгінде әлемдегі ірі кәсіпорындар дербес деректерін осы жүйе бойынша сақтайды. Бұл салада қызмет ету үшін талап жоғары, тәртіп қатаң. Соған қарамастан қара көзіміз екі жыл бұрын осы саланың халықаралық сертификатталған маманы атанған

Назгүл Өмірова, халықаралық банк инженері:

Cloud қазіргі таңда өте дамыған бір зат. Қазір программистер кез келген күшті приложения жазғысы келсе, оған компьютерлер, сервирлер керек емес. Оны арзан түрде осы Cloud арқылы жасай алады. Қазіргі күнде көп приложениялар телефонда адамдар қолданып отқан осы технологиямен жасалады.Үйрене алам, істеймін деген адамды барлық жерде қабылайды деп ойлаймын. Қазақстандағы барлық әйелдерді құттықтаймын мерекемен.

Қиын да, күрделі қызметін еркін еңсеріп, ғылыммен айналысып қана қоймай, аяулы жар, үлгілі ана болып жүрген әйел көп. Өмірі өнегемен өрілген қыз-келіншектер мерекеде ғана емес, әр күн сайын сый-құрметке лайық.


Ақмаржан Ғафизқызы

Хабарламаларға жазылу