Өзбекстанда энергетикалық дағдарыс болып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда энергетикалық дағдарыс болып жатыр

20.02.2024

Өзбекстанда көліктерге газ құю стансалары жұмысын уақытша тоқтатты. Электр қуатын таратуға да шектеу енгізілді. Бұған себеп – ауа райының қолайсыздығы. Сондай-ақ Ташкентте араға бес жыл салып жылу мен ыстық судың бағасы көтерілмек.

Күн райы күрт бұзылып, елдің көптеген аймағына қалың қар түсті. Ал Бұхара облысында қатты дауыл тұрып, жоғары кернеулі желілерде апат болған. Салдарынан «Газли» газ өңдеу зауытына қарасты станцияда онға тарта қондырғы істен шықты. Қосымша желілер арқылы жарық беру жалғасып жатыр, дегенмен, қуат көзі әлі де жеткіліксіз.

Хасан Ташхужаев, энергетика министрлігі ақпарат қызметінің басшысы:

Газ қысымы төмендеп кеткендіктен, бірінші кезекте тұрғын үйлер мен бюджеттік нысандарды табиғи газбен қамтамасыз етуге басымдық берілді. Көліктерге газ толтыратын барлық стансалардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Электр қуатына 220 мегаватт шектеу енгізілді.

Электр желілерінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Газ қондырғыларын кезең-кезеңімен іске қосу қолға алынған. Соңғы мәліметке сай, аймақтарда 15 мыңдай тұтынушы жарықсыз отыр. Ел астанасы Ташкентте де жағдай күрделі. Энергиялық ресурстарды барынша үнемдеу жайы басты назарда. Бұған қоса жылу мен ыстық су тарифі көтерілгелі жатыр.

Арсен Погосов, «Veolia Energy Tashkent» компаниясының өкілі:

Тұрғындар үшін жылу мен ыстық су тарифі 15 процентке көтеріледі. 1 гигакалория үшін 105 мың 754 сумды құрайды. Бұл сома бұған дейін 91мың 960 сум болған. Айта кетейік, жеке тұлғалар үшін тарифтер 2019 жылдан бері көтерілген жоқ.

Қалалық әкімдік тарифтер осы жылыту маусымы аяқталған соң артады деп хабарлады. Ақпанның соңына қарай басталған суық күндер елді біраз абдыратып тастады. Желілерге шектен тыс жүктеме түсіп, апаттар жиі орын алып жатыр. Бір тәуліктің ішінде қатты жел мен қалың қардан электр мен газ тарату жүйелерінде 12 ақау анықталып, қалпына келтірілді.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу