Бүгін елордада «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: табысты мемлекет, табысты ел» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.
Шараны ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры мен ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Конференцияға қатысушылар «ҚР Тұңғыш Президенті және оның қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы рөлі», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және отандық тарих ғылымын жаңғырту» тақырыптарындағы секция жұмыстарына қатысуда.
«Өздеріңіз білесіздер, көп жылдар бойы біздің тарихымыз коммунистік идеология ықпалымен өрескел бұрмаланып келді, таптық көзқарасқа бой алдырып, өткеннің бәрі жоққа шығарылды. Шын тарих 1917 жылдан ғана басталатындай болып көрінді. Тарихты зерттеудің ғылымнан гөрі саяси сипаты басым болды. Елімізде талай ұрпақ дәл осы ұғыммен өсіп, өніп, қалыптасты. Мінекей, егемен ел болғалы бұл жағдай мүлдем өзгерді, қоғам жаңарды, ел жаңарды. Қазақстан өз билігі өзінде, әлем таныған дербес мемлекет болды. Сөйтіп, енді кеңестік санадан арылып жүріп кеткен жолымызға жаңаша қарау қажеттігі туындап отыр», - деді конференция барысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков.
Осы орайда ол Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жыл ішінде елімізде ғасырға бергісіз жаңалықтар болғанын атап өтті.
«Тәуелсіздігіміз біздің қастерлі киеміз, асқақ абыройымыз, басты құндылығымыз. Сондықтан Тәуелсіздік мерейтойы ерекше мәнге ие», - деді Б. Жұмабеков
Конференция мақсаты - елдің 25 жылдан бергі толағай табыстарын түйіндеу; ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігін құру мен нығайтудағы, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қалыптастырудағы, Қазақстанның тарих ғылымын жандандырудағы рөлін зерттеу; тарих ғылымының өзекті және қазіргі ұлттық тарихнаманың түйінді мәселелерін «Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясының аясында зерделеу.