Басты Жаңалықтар Наурызнама аясында дәстүріміз дәріптелді

Наурызнама аясында дәстүріміз дәріптелді

Таразда Наурызнаманың үшінші күні қала орталығында нағыз наурыз мерекесі өтіп жатыр. Ұлтымыздың салт-дәстүрі ұмыт болмас үшін қала халқына қолөнер бұйымдары мен оның жасау тәсілдері таныстырылды. «Амал мерекесі» атап өтіліп, тұрғындарға қымыз, ірімшік пен тоқаш тегін таратылды.

Осылай қала саябағының алаңында жүрген тұрғындар аяқ асты амал мерекесін атап өтті. Өйткені саябаққа сау ете қалған мәдениет саласының мамандары тұрғындарды таңқалдырып, көрісу күніне байланысты көріністер көрсете бастады. Наурызға, салт-дәстүрімізге қатысты сұрақтар қойып, дұрыс жауабын тапқандарға сый-сияпат берді.

Ал жастар жағы асық атып, арқан тартты. Бойжеткендер құрбыларына қос бұрым қоюды, ал ауылдардан келген жігіттер қаладағы қатарластарына қамшыны қалай өру керектігін көрсетті.  

Нұржан Нұрсейіт, Жуалы ауданының тұрғыны:

Кез келген адамның астында аты болады, аты бар адамның қолында қамшысы болады. Қамшыны өзі жасап үйрену керек. Бұл әр үйде болу керек, әрбір жігіт білу керек өнердің бір түрі. Төрт өріммен біз ауылда неше түрлі заттар жасаймыз, ноқта, тізгін, арқан.

Ал кимешек киген қолөнерші әжелер киіз тоқудың қыр-сырын әңгімелеп, өз өнімдерін таныстырды.

Айғаным Байназарова, қолөнер шебері:

Жалпы наурызда ғана емес, барлық кезде де қолөнер қолға алынып жатыр. Жастар көріп жатыр, қызығушылық бар. Киіз басу оңай емес, киіз басу адамды сабырлыққа шақырады, шыдамдылыққа шақырады, сұлулыққа шақырады.

Мөлдір Оразалиева, «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығы КММ басшысы:

Біздің Жамбыл облысында қолөнершілердің 5 ассоциациясы бар. 250-ден астам қолөнершіміз бар. Соның 20-сы бүгін біздің іс-шарамызға қатысып отыр.

«Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығы» ұйымдастырған шара енді алда қызғалдақ фестиваліне ұласпақ. Мәдениет саласының мамандары мамырдағы шараны наурызнама үлгісінде өткізбек.

Бөлісу