«AMANAT» партиясы жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты үндеу жасады
Референдум нәтижесі қазақстандықтардың реформаларды қолдайтынын көрсетті. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Бүгін «AMANAT» партиясы фракциясының отырыс өтіп, жиында жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты партияның үндеуі жарияланды. Ерлан Қошановтың пікірінше, бұл азаматтардың саяси мәдениетінің артқанын және Әділетті Қазақстан құруға деген ұмтылысын білдіреді. Партиялықтардың пікірінше, Конституция ел дамуының жаңа кезеңін бастап, ауқымды өзгерістерге жол ашады. Құжаттағы әрбір норма халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі тиіс, ал «AMANAT» партиясы бұл жұмыстың алдыңғы қатарында болады. Жиында партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «AMANAT-тың» жаңа Конституция қабылдануына байланысты үндеуін оқыды. Онда 15 наурыз күні халық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағытын қолдап, тарихи әрі саналы таңдау жасағаны айтылған. Сондай-ақ партия Парламент пен мәслихаттардағы фракциялары, өңірлік филиалдары және жастар мен волонтерлік ұйымдары арқылы Конституция нормаларын жүзеге асыруға күш салатыны атап өтілді. Отырыста депутаттар да пікір білдірді. Олар жаңа Конституция мемлекеттің тұрақтылығын сақтауға, қоғамдық келісімді нығайтуға, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және саяси бәсекені дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы:
15 наурыз еліміздің тарихында ерекше орын алған тарихи күн болды. Бұл күн халқымызды біріктіріп, ұлтты жұмылдырған сәт еді. Сол күні Күшті, Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды таңдау жасалды. Бұл оқиға мемлекет дамуының жаңа кезеңін бастады. Референдум халықтың Президент реформаларына деген үлкен сенімін айқын көрсетті. Жаңа Конституцияда миллиондаған отандастарымыздың талаптары, үміттері мен күтулері көрініс тапты. Сондықтан жаңа Конституцияны қабылдау – бүкіл халқымыздың жеңісі, Президентіміздің жеңісі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы