Басты Жаңалықтар Паралимпиада: Спортшыларымыз жарысты екі медальмен аяқтады

Паралимпиада: Спортшыларымыз жарысты екі медальмен аяқтады

Қоржында қос жүлде. Қазақстан Паралимпиада құрамасы Италияда өткен ақ ойындарда осындай нәтиже тіркеді. 10 күнге жалғасқан аламанда жалпыкомандалық есепте жерлестеріміз 18-ші орынға тұрақтады. 14 наурызда өткен ашық эстафетада қазақстандық спортшылар тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл жарыстың ерекшелігі – тік тұрып жарысатындар мен пара шаңғы спортына қатысатын спортшылардың барлығы бір жолда сынға түседі. Бапкерлер алғашқы кезеңді Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовқа сеніп тапсырды. Ол екі айналымды жоғары қарқынмен еңсерді. Ал Бейжің Паралимпиадасының қола жүлдегері Александр Герлиц команданың уақытын жақсартып, эстафетаны 23 минут 18 секунд нәтижесімен аяқтады. Нәтижесінде қазақстандықтар 5-орын алып, Бейжің Паралимпиадасындағы көрсеткішін қайталады. Ал жарыстың соңғы күнінде 20 шақырымдық қашықтықта Александр Герлиц төртінші орынға ие болып, жүлдеге бір табан жетпей қалды. Ол тек қытайлық үш спортшыға жол берді. Италияда өткен ақ ойындарға 55 елден 600-ден астам спортшы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан атынан 7 спортшы екі спорт түрі бойынша сынға түсті.

Александр Герлиц, пара шаңғы жарысынан Қазақстан құрамасының мүшесі:

Ашық-эстафета классикалық және еркін жүріс кезеңдерінен тұрады. Бүгінгі реттілік команда өкілдерінің нәтижелеріне сараптама жасай отыра  бекітілді. Ербол екі айналымнан кейін бізге кезегін ұсынды. Үздік бестіктеміз. Көрсеткен өнеріміз көңілімізден шықты.
Бөлісу