Соңғы уақытта шетел азаматтарының біздің елден бала асырап алуы туралы көп әңгіме тарқатылып кетті. Түрлі оқиғаларды таразыласақ, кезінде бұл рәсімнің жемқорлықпен «сүйемелденгенін» байқау қиын емес.
Сенатор Дархан Қыдырәлі Африка мемлекеттеріне кеткен балалар туралы айтты. Қалай өмір сүріп жатқандары қадағаланбағанын. Ал Сыртқы істер министрлігі Африка құрлығына «бала кеткен жоқ» деген мәлімет таратты. Сонымен кетті ме, кетпеді ме?
Иә, соңғы уақытта шетелдіктердің бала асырап алуы азайғаны байқалады. Соңғы төрт жылда шетелдіктер 1 баланы бауырына басқан. Бұл бір өте нәзік тақырып. Мысалы, маскүнем ата-анасынан таяқ жеп өскенше немесе жетімдер үйінен кейін жолы болмай, «кірпіш» болып қалана алмай, адасып кеткенше, кім болса да, мейірімді жанның құшағына берілсін деп ойлайсың. Шетелдік болсын, ел азаматы болсын.
Жетімдер туралы сөз болғанда бірден Сәбит Дөнентаевтың «Көркемтай» әңгімесі еске түсіп, көзге жас үйіріледі. Елдос Есенболдың материалы.
Cенатор Дархан Қыдырәлі шет ел асқан қазақ балалары жөнінде депутаттық сауал жолдады. Сенатордың бұл мәселені көтеруіне туған анасын іздегін бельгиялық қазақ баласы Жәнібектің оқиғасы себеп.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Жалпы 1999 бен 2011 жылдың арасында 8805 бала шетке кеткен. Оларды біразы қазір кәмелеттік жасқа толып кетті. Олар консулдық есепте жоқ. Тіпті ертерек кеткендіктен сол кезеңдерде сол мемлекеттерде біздің елшілік қызмет болған жоқ. Сондықтан тіркелмеуі де мүмкін.
Сенатор өз сөзінде: «Африкаға кеткен балалардан хабар-ошар жоқ» деп алаңдаған. Артынша Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мынадай мәлімдеме жасады.
Айбек Смадияр, ҚР СІМ ресми өкілі:
Қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі 1993 бала консулдық есепте тұр. Біз Африка, басқа экзотикалық елдерге балаларымызды бермегенбіз. Сол елде дипломат болып жұмыс істеген немесе шет елдік компанияларда жұмыс істеп жүрген батыс елдерінің азаматтары. Арнайы талаптар болған кезінде.
«Шетелдегі қазақ балалары» жобасымен көпшілікке танымал журналист Жанар Байсеміз: «Оңтүстік Африкада қазақ балаларының бары рас», - дейді. Тек олар кәмелет жасына толғасын консулдық есептен шығарылған.
Жанар Байсеміз, журналист:
«Шетелдегі қазақ балалары» жобасы жалғасқан кезде мен барғым келетін елдердің қатарында Оңтүстік Африка елдері де болды. Бірақ сол кездегі елдің ішіндегі жағдайларға байланысты бара алмадық. Сол жақтағы біздің елшілік сіздің өміріңізге қауіп төнуі мүмкін деді. Өзімде ақпарат бар. 30 бала деп жазылған мендегі статистика бойынша, бірақ кейін анықталғандай 31 бала. Оның 11-і қазақ.
Англия, Германия, Испания, Италия, Канада секілді әлемнің 30 елі Қазақстаннан бала асырап алған. Қазақ балаларының жағдайын білмекке Еуропаны, Американы аралаған журналист түрлі тағдырдың куәсі болған.
Жанар Байсеміз, журналист:
Атып өлтірген балалар бар, суицид жасаған балалар бар. Не болмаса жүрегі ұстап қайтыс болған балалар бар. Түрлі тағдырлар. Дегенмен де мен түсірген басым бөлігі жақсы отбасылар. Арасында кейіпкерлер бар, мысалы асырап алған ата-анасы олармен санаспағанын. «Ең бастысы сенің жолың болды. Жетім қалған жоқсың. Біз саған барлық дүниені бердік. Біз соны оқыттық» деген сияқты өсірген.
Оқу-ағарту министрлігінің Бала құқықтарын қорғау комитеті бұл мәселені 2011 жылдан бері қарай ғана қадағалап келеді. Себебі сол жылы «Неке және отбасы туралы» кодекс қабылданған.
Жолдас Батырхан, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
Жас мемлекет жаңа тәуелсіз алған жылдары Кеңестік кезеңдегі бала асырап алу туралы заңдармен жүруге мәжбүр болдық. 2011 жылғы кодекс қабылданғанға дейінгі шетелдіктермен бала асырап алу жүйесі бұл еліміздің консулдықтарымен жергілікті атқарушы органдар арасында жүзеге асты.
Ал оған дейін тіпті ата-анасының еркінен тыс шетке кеткен бүлдіршіндер де бар екен.
Жанар Байсеміз, журналист:
Екі ағайынды бала болды. Америкалық отбасы асырап алған. Кейіннен бағдарламаны жасау барысында сол балалардың анасы табылды. Анасының жағдайы жоқ болған. Құжаттары болмаған. Содан кейін бір адамдарға уақытша қарап беруге тапсырған. Жұмыс істеп ақша табу үшін. Сол аралықта қайтадан келген кезде ана кісілер екі баланы балалар үйіне өткізіп жіберген. Балалар үйіне барса, жолатпаған. Құжатың жоқ сені қазір шекарадан асырып жібереді деген сияқты қоқаң-лоққы көрсеткен.
Дегенмен соңғы 4 жылда шетелдіктер 1 бала асырап алған. Ал, Қазақстанда бала асырап алу мәдениеті қалыптасып жатыр ма? Статистикаға қарасақ, елімізде 22 мың ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның тек 20 пайызы балалар үйінде. Қалғаны отбасында, патронаттық, қамқоршылық тәрбиеде дегендей...
Жолдас Батырхан, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
Мәселен, 2023 жылы еліміздің азаматтарымен 225 бала асырап алынған екен. Ал соңғы 5 жылда мұндай балалардың саны 1000-нан асты. Халық аралық жетімдер үйі аталып кеткен инернат ұйымдардың да саны төмендеп келе жатыр. Соңғы 10 жылда бұлардың саны 2 есеге дейін төмендеген. 1 қаңтардағы мәлімет бойынша 115 балалар үйі бар.
Гүлнар Өскенбаева, SOS Астана балалар ауылы директорының м.а.:
Бізде негізінен жасөспірімдер тәрбиеленеді. Қазір мұндағы балалардың орта жасы 14-15 жас. Былтыр бала асырап алуға 58 өтініш түскен. Соның біреуі орындалды. Себебі келетіндер кішкентай баланы қалайды. Кемі 5-6, тіпті 3 жасынан бауырына басқысы келеді.
Астана перзентханаларында қараусыз қалған балалар осында әкелінеді. 3-4 жасына дейін осында тәрбиеленеді.
Дүрия Сейтенова, балалар үйінің дәрігері:
Бізге қазір нәрестелердің түсуі өте аз. Мысалға, бір айда бұрын 5-6 бала келетін болса, қазір 1 бала. Сол үш айдың ішінде бір де бір бала түспеуі мүмкін. Баланың диагнозы ұнамауы мүмкін кейбір ата-анаға.
Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанова 28 баланың ата-анасы. Өздерінен тараған төртеуге тағы 24 қарагөзді серік қылып отыр.
Өмірхан Жетесов, қала тұрғыны:
Мен енді өзім жетімдікті бір адамдай көрдім. «Үміт үйіне» барып концерт қойып жүргенде бір ұлды көргенбіз. Содан ұлымыз жалғыз болғасын, жалғыз болмасын, бір-біріне серік болып өссін деп бір баланы алғанбыз. Менің баламның қасында қара қыз жүр екен қолынан жетектеп. Сосын айттық бір бала алғанша екі бала неге алмаймыз деп.
Осылайша бүгінде Жетесовтер отбасылық ансамбль. Ұл-қызы түрлі аспапты шебер меңгерген. Республикалық, халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы.
Өмірхан Жетесов, қала тұрғыны:
Біз Алғада болған кезде 40 күн қатынадық. Әр заттың өзінің қоятын нүктесі бар да. Адам сабырлы болуы керек. Менің жолдасым өте сабырлы адам. Ол баланың әр жағын зерттейді. Ол баланың документтері дайын болуы керек. 24 бала алып отырмыз ғой. Алып бара жатқандай, қиындық болған жоқ.
Темірхан Жетесов:
Мамамды да, папамды да қатты жақсы көрем. Папамнан термеші, жыршылықты үйрендім. Мамамнан дәстүрлі әнді.
Өмірхан Жетесов, қала тұрғыны:
Балдарымның бәрі алтын асықтай. Шүкір. Баланы жастайынан дұрыс тәрбие беру керек. Ата-ананың ең күш салатын жері ол тәрбие болуы керек қой. Мен астымдағы көлігімді сатып жіберіп қаншама балама инструмент алып бердім. Енді қазір спортзал салып жатырмын. Оған да жетпей жатыр. Ешкімнің алдына барып көрмеппін.
Балабек Сақтағанов, психология ғылымдарының докторы, профессор:
Баланы асырап алған дұрыс. Әрбір отбасының өзінің отбасылық құндылықтары бар. Отбасылық салт-дәстүрлері бар. Әкенің балаға қарым-қатынасы бар да қалыптасатын. Үйленгеннен кейін әке мен ананың қарым-қатынасы қандай болатынын. Қандай кикілжіңдер болады, қандай түсініспеушіліктер болады. Қандай бір-біріне қамқорлық, мейірім болады.
Әрине, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың санын нөлге жеткізу мүмкін емес. Бүкіл жай-жапсарын білмегесін баласын тастап кеткендерді даттау қиын. Алайда ақтай алмайсың. Әйтеуір соңғы 5 жылда 800-ден астам ата-ана өз қатесін түсініп балалар үйінен өз перзентін қайта алып кеткен. Бұл да медет.
Елдос Есенбол