Стамбұлда шіркеуге шабуыл жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбұлда шіркеуге шабуыл жасалды

29.01.2024

Түркияның Стамбұл қаласының Сарыйер шағын ауданында орналасқан Санта-Мария шіркеуінде оқ атылып, бір адам қаза тапты. Жексенбілік құлшылық кезінде шіркеуге бетперде тағып кірген екі адам оқ жаудырып, 52 жастағы бір кісі сол жерде қайтыс болды. Қылмыс жасағандар бірден оқиға орнынан қашып үлгерген. Бұл оқиға террорлық акті ме, әлде нақты бір адамға қарсы жасалған шабуыл ма әзірге белгісіз. Қазір Стамбұл қаласы бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қылмыскерлер іздестіріліп жатыр. Оқиға болған жерге барған елдің Ішкі істер министрі, бұл қылмыстың тергеу барысын, Президент Режеп Тайып Ердоғанның өзі бақылауға алғанын айтты.

Дәуіт Гүл, Стамбұл қаласының губернаторы:

Бетперде киген екі адамның шабуылынан 52 жастағы бір адам қайтыс болды. Жараланғандар жоқ. Қазір барлық тиісті органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шіркеудің қызметкерлерімен де сөйлестік. Әзірге нақты ешқандай ақпарат жоқ.

Естеріңізде болса осыдан жиырма күн бұрын Стамбұлдың орталығындағы Фатих мешітіне келген бір адам намаздан соң имамға пышақпен шабуыл жасаған болатын. Оқиға кезінде мешіттің бас имамы мен оған көмектеспек болған бір адам жараланған еді. Қылмыскер оқиға орнында ұсталып, полицияға тапсырылды. Бұл қылмыстық іске қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Имамға шабуыл жасаған адам 34 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

 Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу